Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бұрынғы министрдің үйінен қомақты қаржы ұрланды

Алматыдағы элиталы аудандағы тұрғын үйлердің бірінен ұрланған миллион доллар оқиғасы жалғасын тапты. Белгілі болғандай, бұрынғы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов аталған іс бойынша жәбірленуші ретінде өтіп жатыр. Қолды болған ақшаның бір бөлігі бұрынғы министрге тиесілі болған екен.

Темірхан Досмұхамбетов

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Кеше аталған іске қатысты сот отырысы өтуі тиіс еді. Істің қаралып жатқанына 2 ай болғанымен, жәбірленушілер отырыста қарасын көрсетпеді. Ал айыпталушылардың туыстары оларды кінәні өз мойындарына алу үшін мәжбүрлеп жатқанын айтуда.

Жамыған Бекбауовтың сөзінше, полицейлер оның үйінде тінту жұмыстарын жүргізген. Өткен жылдың күз мезгілінде үйге тергеу тобы келген. Тергеушілер оның жұбайы Баян мен немерелерін асүйге кіргізіп, өздері басқа бөлмелерде тінтіген. Тінту барысында ұлы Елдос Мағауяновтың жатын бөлмесіндегі шкафтардың бірінен сағат табылған. Оның тұтқындалуына дәл осы сағат себеп болып отыр.

«Ұлымның мұндай әрекетке барғанына сенбеймін. Ол сағаттың біздің үйімізде қайдан пайда болғанын білмеймін. Менің ұлым – жақсы. Әскерде болған. Намаз оқиды. Онда көп ақша болған емес. Ол шаруашылықпен айналысатын. Қалаға сирек шығатын», – дейді қамауға алынған Елдос Мағауяновтың әкесі Жамыған Бекбауов.

Мұнан кейін отбасы табылған сағаттың тонау туралы істегі айғақ екенін білген. Аталған қылмыс өткен жылдың наурыз айында жасалған.

Алматыдағы зәулім үйден түнгі уақытта 3 миллион доллар (978 млн теңгеден аса), 50 мың еуро (20 млн теңгеден аса) және бағалы заттар ұрланған. Елдос Мағауянов – 3 күдіктінің бірі. Ал аталған іс бойынша жәбірленуші ретінде ағайындылар Қадыр Оразбаев пен Темірхан Досмұхамбетов өтіп жатыр. Тізімдегі соңғы адам – Астананың бұрынғы әкімі, Президент істерін басқарушы, туризм және спорт министрі, депутат. Іс материалдары бойынша, қолды болған ақшаның бір бөлігі Досмұхамбетовқа тиесілі.

Тонау ісі бойынша сот қаралымы ақпан айында басталды. Алайда істің өндірісі баяу жүріп жатыр. Экс-министр мен оның ағасы сот отырысына келер емес. Олар келмегендіктен, кешегі сот отырысын шегеруге тура келді. Ал күдіктілердің жақындары әділдіктің орын алатынына күмәнмен қарайды.

«Ұлыма қысым жасалып отыр. Ол изоляторда ауырып жатыр. Бірақ тиісті ем жасалмаған. Біз оған өз тіс дәрігерімізді жібердік. Ол жерде ұлымды қорқытыпты. Кінәні мойнына алмаса, біздің көзімізді жоятындарын айтыпты», – дейді қамауға алынған Елдос Мағауяновтың анасы Баян Бекбауова.

Жәбірленушілермен байланысқа шығу мүмкін болмады. Сонымен қатар экс-министр мен оның ағасы істі өздерінің қатысуынсыз қарауға өтінішхат жіберіпті. Әзірге сот шешімі шыққан жоқ.

Оқи отырыңыз:

Ресеймен шекарада полковникті Қазақстан президентімен шатастырып алған

Петропавлдағы атыс: Аяғынан айырылған спортшының ісіне қатысты айыпталғандарға сот үкімі шықты

Қазақстанда қылмыс жиі жасалатын криминалды аймақтар белгілі болды 

Сәуір айының басында жоғалып кеткен алматылық қыз байланысқа шықты

Талқылау