Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бірнеше көше жүргіншілерге арналып өзгермек

Алматыда тағы бірнеше көше жүргіншілерге арналып өзгермек. Сонымен қатар, қоғамдық көлікке арналған жолақтар мен веложолдар ұзарып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүруіне ыңғайлы жолдар салынады.

Фото: Колёса

Бұл туралы қала сәулетшілері қаланың транспорттық жүйесін дамыту конференциясында мәлімдеді. Жол қозғалысын реттейтін жаңа құжатта басқа да мәселелер қарастырылған, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Жол қозғалысын реттейтін бағдарлама Алматыға алты жыл бойы еңгізіліп келеді. Қаладағы ақылы тұрақтар, қоғамдық көлікке арналған жолақтар, веложолдар және «Оңай» жүйесі – үлкен жобаның бөлігі. Жаңашылдықты тұрғындар алдымен жатырқаса, кейін бірте-бірте үйреніп кетті. Осы күні көбісі жеке көліктерінен автобусқа, велосипедке ауыса бастады. Бұл тек бастамасы ғана екен.

«4 жылдың ішінде жеке көлік пайдаланатындардың көрсеткіші 50 пайыздан 41-ге дейін азайған. Бұл – жол қозғалысын реттейтін бағдарламаның пайдасы бар екенін көрсетеді. Менің ойымша, Алматының транспорттық жүйесі дұрыс жолға түскен»,-деді БҰҰДБ тұрақты өкілінің орынбасары, Мунхтуя Алтангерел.

Сонымен қатар, күніне 147 мың жолаушы тасымалдайтын жоғары жылдамдықты автобустарды іске қосу жоспарланған. Ол, автокөліктен 6 есе қауіпсіз екен. Ал, 2020-шы жылы Алматы метросының қосымша 2 станциясы ашылмақ. Ол кезде транзакция көлемі екі есе өседі екен.

«Біз жасап жатқан арнайы жолақтар, веложолдар, ақылы тұрақтар, жүргіншілер аумақтары мұның барлығы тұрғындарың ыңғайлылығы үшін жүргізіліп жатқан реформа. «Қауіпсіз қала»бағдарламасы аясында бірінші жобаға 5 миллиард қаржы жұмсағанбыз. Кейін 16 миллиард пайда көрдік. 31 миллиард теңге айыппұл салынған, соның 16 миллиардын өндіріп алғанбыз. Енді біз екінші жобаны жүзеге асырамыз. Ақылды бейнекамералар сатып алынады. Мұндай шешім «Ақылды қала» стандарттарына толықтай сәйкес келеді»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Қоғамдық көліктер де назардан тыс қалмады. Қаладағы 108 бағыттың 44 жаңартылуда. Осы жылы 675 жаңа автобус сатып алынған. Сондай-ақ, бірнеше көше, жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлы болып өзгермек. Бұл жұмыстар келесі жылдың көктемінде басталады.

«Жүргіншілердің көшелерін біз Достық даңғылынан дайындап жатырмыз. Абай даңғылын,Есентайдың қиылысын, Төле би. Оның ішінде тағы көшелер бар. Енді барлық адам жүретін инфраструктуралық  жерлерді жасап жатырмыз»,-деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары, Алмасхан Ахметжанов.

Маман айтқан көшелер толығымен Панфилов көшесі секілді саябақ болмайды. Мұнда көліктер емін-еркін қатынай береді. Тек жүргіншілер мен велосипедшілерге басымдылық беріледі. Яғни, көше бойына қосымша жарық орнатылады. Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бастамашылардың сөзінше, аталған аумақ болашақта қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналмақ.

Алматыда жыл сайын көлік саны 4 пайызға артып отырады екен. Айналма жолдар салу арқылы мамандар жол қозғалысын түбегейлі реттейміз дейді. Абай даңғылын Наурызбай ауданының әкімшілігіне созу, Фурманов, Саин, Акан сері көшелерін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мегаполисте 10 жылдың ішінде 30 айналма жолы салыныпты, оған 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

«БРТ-ны салу, ЛРТ-ны салу, метроны салу, жолақтарды салу, велосипедтердің инфраструктурасын ары қарай дамыту, жаяу жүргіншілерге арналған зоналарды салу, сонымен қатар жеке меншік көлікке де жағдай жасап жатырмыз. 3 үлкен транспорттық жолайрық салып жатырмыз,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт Исахов.

Алматыда жүргізіліп жатқан транспорттық реформа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына толықтай сай келеді.  Осы күні жол қозғалысын реттейтін жүйе сәтті енгізілуде. Кейін аталған бағдарламаны еліміздің басқа қалаларына да орнату жоспарланып отыр.

Тағы да оқыңыз:

Алматы мен қала маңында тылсым елес көрінетін жерлер бар

Әйелін пышақтаған ОҚО тұрғыны сот алдында жауап берді

Атырауда түсік тастаған 40 жастағы әйел хәл үстінде жатыр

Талқылау