Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда арзан бағаға үй мен көлік алып береміз деген алаяқтар елдің жарты миллиард теңгесін алып, сан соқтырып кетті

Нарықтық құнынан төмен бағаға элиталық үй және қымбат көлік алып береміз. Алматыда алаяқтар осындай желеумен отызға жуық отбасын жарты миллиард теңгеге тақырға отырғызған. Алайда жәбірленушілердің тергеу амалдарына көңілдері толмайды. Өйткені тұрғындарды алдап, ақшаларын алған азаматтар сотқа тек куәгер ретінде ғана тартылыпты.

Алматыда арзан бағаға үй мен көлік алып береміз деген алаяқтар елдің жарты млрд теңгесін алып, сан соқтырып кетті

Арзанға үй алу үшін, жылдар бойы табан ақы, маңдай терімен жинаған ақшаларын санап берген тұрғындар не ақша, уәде етілген үйін ала алмай жер сипап қалыпты. Олардың арасында мұғалімдер мен дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер де бар екен. Алайда іс сотқа жеткенде жәбірленушілер жағаларын ұстаған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Ұлыма көлік алып беремін деп, бізден 3 миллион 700 мың теңге ақша алады. Содан әне берем, міне берем деп, не көлік жоқ, не ақша жоқ. Міне бір жыл болды алдап келе жатыр. Келіп сотқа қатыссақ Венера мен Чинирбаев бұл сотқа қатыспайды да. Бұл сотта ол жоқ. Білмейміз кімге арыз жазатынымызды. Басқа адамдарды қарап жатыр», – дейді қала тұрғыны Ләйлә Мөбекбаева.

«Балаларымнан алаяқтық жолмен 7,5 миллион алған Шымырбаев пен Абдрахманова деген осы Талғарда тұрады. Міне сол адамдар сотта жоқ. Олар басында күдікті болып қаралған еді. Прокуратурадан кейін Шымырбаев сотта мүлдем алынып тасталды, ал Абдрахманова құр куәгер ретінде жауап беруде», – дейді тұрғын Райхан Әзімова.

Күдіктілер жұртшылықтың сенімін арттыру үшін бастапқыда кейбіріне арзанға көлік пен үй де алып беріпті. Қоныс тойын тойлап, көлігін жуғандар да болған. Бұл жаңалық желдей есіп, үміткерлер қатары арта түскен. Жалға алынған үйлерді баспана ретінде ұсынып отырған. Тиісті құжаттар алынғанша күте тұруды өтінген. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құжаттарын күтіп отырғанда шынайы қожайындары келіп, үйден қуып шыққандар да бар екен.

«Үлкен кісілер болды. 80 миллион теңге берген кісілер болды. Ең көп сома – 70, 50, 45, 25 млн. Ең азы 19 миллион теңге берген біздің дос баламыз бар екен. Оны біз сот барысында білдік. Өздерін әкімдікте жұмыс істейміз деп таныстырды», – дейді тұрғындардың бірі Гүлдана Бақберген.

Қалалық соттың баспасөз қызметі тұрғындарды алдап, жарты миллиард теңгеге тақырға отырғызғандардың ісі сотта қаралып жатқандарын растады. Екі адамға айып тағылыпты. Қазір сот алдында жауап беруде.

«Сотталушы Жамал Тынаева мен Әлия Нұрсейітоваларға мемлекеттік бағдарлама бойынша нарықтық құнынан төмен бағаға үй алып беремін деп 27 жәбірленушіні алдап, 500 миллион теңгесін алғаны үшін айып тағылып отыр», – дейді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Дияс Махамбетов.

Жәбірленушілер мен алдағандар Талғар қаласының тұрғындары екен. Тергеу осы жерде жүргізілген. Бірақ істің Алматы қаласында қаралып жатқанын түсіне алмауда. Сондықтан істі қайта тергеуге жіберуді талап етуде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау