Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда алапат өрттің неліктен тез таралғаны белгілі болды

Алматыда болған алапат өртке қатысты полиция тергеуді бастады. Естеріңізге салсақ, кеше дәмханадан тұтанған от көпқабатты үйге қарай ұласқан болатын. Осылайша, 46 пәтердің күл-талқаны шықты. Бұған қоса, 7 адам зардап шеккен. Қазір оқыс оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал апат салдарынан келген миллиондаған шығынды енді дәмхана иесі өтеуі тиіс деп хабарлайды КТК телеарнасы.

вивв

Сурет informburo.kz

Таңғы 4 жарымда шыққан өрт шырт ұйқыдағы тұрғындарды шошытты. Бірінші қабаттағы дәмханадан басталған жалын «Юбилейный» супермаркетіне тиіп, кейін 7 қабатты тұрғын үйді түгел шарпыған.

“Түтіннің иісінен оянып кеттім. Алғашында кішкентай өрт шығар деп ойладым. Тек далаға шыққанда жалынды көріп, төбе шашым тік тұрды. Абдырап жүріп құжаттарымды да алмаппын”, – дейді зардап шегуші Елена Григорьянц.

Сөйтіп, күш алған жалын өрт сөндірушілер келгенше біраз жерді шарпып үлгерген. Жалпы көлемі 1100 шаршы метр жер күлге айналды. Құтқарушылар 140 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Десе де зардап шеккен 7 адам бар. Үшеуі кішкентай бала. Ал 46 пәтердің күл-талқаны шыққан.

Баспанасыз қалғандарға сол жерде шатыр құрылып, қажетті көмек жасалды. Ал әбден шошып қалған тұрғындар төменгі қабаттағы дәмханалардан күндердің күнінде кесапат келетінін сезгендерін айтады.

“Мына жердің тұрғындары: кафені құрту керек!» деп талай айтты. Шешім шықпаған. Енді соның кесірінен біз сияқты халықтар зардап шегіп жатыр”, – деді зардап шегуші Мұсабек Есболатов.

Ал өрттің лезде күш алуына тұрғынүйдің сыртындағы тез жанатын материалдар да әсер еткен.

“Жеке тұрғын үйдің бірінші қабатынан алтыншы қабатына дейін балкондар сайдингпен, тез жанатын материалдармен қапталған. Сондықтан от тез таралған” – деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетова.

Баспаналары тып-типыл болған жұрттың жайын білуге Алматы әкімі де арнайы келген. Бауыржан Байбек өрттен кейінгі қирандыларды қалпына келтіру үшін жергілікті басшыларға 2 апта уақыт берді. Сондай-ақ осы оқиғадан кейін, тұрғынүй астындағы осындай дәмханалар түгел тексерілмек. Заңсыздық анықталса есіктеріне қара құлып салынады.

Қазір оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Өрт шарпыған үйдің сыртына жөндеу басталған. Бұған қоса, жалыннан кейінгі қоқыстарды тазарту әлі де жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 200-ге тарта қызметкер мұнда күні-түні жұмыс істеуде.

Бағалаушылар да осында жүр. Олар әр пәтер бойынша шығынды есептейді. Ал, оны «Корова бар» мен «Юбилейный» дүкенінің иесі төлеуі тиіс.

Еске сала кетсек, 10 мамыр күні «Коровабар» дәмханасы мен “Юбилейный” супермаркетін өрт шалып, біраз пәтерге зақым келген болатын.

Талқылау