Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 100 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді

Бүгін Алматыда бастау алған «1000 игілікті іс» акциясы аясында 100 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер мен қарт адамдарға азық-түлік пакеттері табыс етілді.

20160120143443

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Онда күріш, кеспе, шұжық, консервіленген ет, өсімдік майы, халуа, қарақұмық, зефир секілді қажетті азық-түліктер бар.

Бұл акцияны G38 жастар ұйымы бизнес-ауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Өз сөзінде G38 ұйымының мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова азық-түлік пакеттерін тарату – акция аясындағы алғашқы қадам екендігін айтты. Яғни, алдағы уақытта 1000-нан астам игілікті істер жүзеге асырылмақ.

«Егер біздің бастаманы көп адам қолдайтын болса, онда біз әрине мыңнан да көп игілікті істер жасаймыз. Құдай қаласа, көктем шыққан соң, көшеттер отырғызып, аулаларды тазартуға кірісеміз. Жалпы, бұл акция 2016 жылдың соңына дейін жалғасады», – деді А. Ерниязова.

Алматы қаласының тұрғыны, Дамир Тайыров ақсақал азық-түлік пакетін алғашқылардың бірі болып алды.

«Қазіргі қиын жағдайда, әлеуметтік көмек алу әрине көңіліңе қуаныш сыйлайды. Бірақ, бұл жерде игілікті істерді жастардың істеп жатқаны мені қатты қуантты. Мен оларға ризамын, рахмет», – деді ол.

Одан басқа, белсенділер жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру, «Кеңес» орталығы арқылы оларға заңдық ақыл-кеңестер беру, сондай-ақ, аталған оқу орындарында дайындық курстарын ұйымдастыру жұмыстарын да қолға алады.

Алдағы уақытта, жұмыс жоспары келіп түскен ұсыныстар мен пікірлер негізінде әзірленетін болады.

Талқылау