Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы қаласының дін қызметкерлері қан тапсыру акциясына қатысты (фото)

Алматы қаласында Республикалық қан орталығының сұранысына сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, Алматы орталық мешітінің имамдары және жамағаты қан тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz.

қантапсыру11

Игі шараны Діни басқарма Алматы қалалық қан орталығымен бірлесе отырып, биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында «Бауырыңа өмір сыйла!» деген атпен қала мешіттерінде жалғастырады.

Қайырымдылық акциясына арнайы келіп қан тапсырған ҚМДБ мешіт істері бөлімінің басшысы Жәнділлә Бекжігітов мақсат – қала халқы мен мешіт жамағатының қанға мұқтаж адамдарға қол ұшын беруіне ұйытқы болу екенін айтты.
«Акция қайырымдылық мақсатында, мұқтаж жандарға көмек қолын созу үшін өтіп отыр. Бұл шараға қала мешіттерінің имамдары мен жамағат қатысып жатыр. Қан тапсыру – шариғат үкімі бойынша Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы амалдарының бірі. Сонымен бірге, денсаулыққа тигізер пайдасы да зор», – дейді Жәнділлә Бекжігітов.

қан-тапсыру

Сондай-ақ, игі шараға Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет қатысып, иманды жандардың мешіттерде қан тапсыруы дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқанын жеткізді.
Алматы орталық мешітінде 100-ден астам адам қайырымдылық ретінде қан тапсыруға ниет білдіріп, оның ішінде дәрігерлердің рұқсатын алған 85 адам 40 литрге жуық қан тапсырды.
Алдағы уақытта қан тапсыру шарасы Алматы қаласының мешіттерінде жалғасады. Іс-шара нақты қай мешітте және қай күндері өткізілетіні төменде көрсетілген.
1. Орбита-3 мешіті, 22 сәуір, жұма күні.
2. Төле би мешіті, 29 сәуір, жұма күні.
3. Ақсай мешіті, 6 мамыр, жұма күні.
4. Әл-Мәдина мешіті, 13 мамыр, жұма күні.
5. Бекет ата мешіті, 20 мамыр, жұма күні.

Акцияның өтетін уақыты 10.00-16.00 аралығы. Мүмкіндігі бар барша қала тұрғындарын осы игі шараға қатысуға шақырамыз.

Талқылау