Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы ауруханасында қайтыс болған бүлдіршіннің анасы бұған дәрігерлерді кінәлауда

Алматы ауруханасында қайтыс болған 6 жасар бүлдіршіннің анасы перзентінің жұмбақ өліміне дәрігерлерді кінәлауда. Иоланта Янушененің айтуынша, оның іші ауырып барған қызы Эвелинаға ақ халаттылар әртүрлі диагноз қойып, әрі-бері сабылтып қойған. Ал соңында соқырішекке ота жасап, 4 сағаттан кейін бүлдіршіннің өлі денесін қайтарыпты, – деп хабарлайды КТК арнасы.

0

Пәтер толы ойыншықтар енді иесіз қалды. Олармен ойнайтын Эвелина 2 күн бұрын жер қойнына тапсырылған. Ал күні кеше мектеп табалдырығын аттаған жалғыз қызының өліміне анасы әлі сене алмай жүр. Себебі, перзенті  бұған дейін қатерлі дертпен ауырған емес. Тек бір апта бұрын ыстығы көтеріліп, іші ауыра бастапты.

“Мазасы кете бастаған соң ауруханаға өзім апардым. Дәрігерлер соқырішегін тексерді. Сөйтіп, ол жері дұрыс деп, жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. Ондағы мамандар қызымның тамақ безі ісінгенін мәлімдеді. Сөйтіп, ангинаның емін үйде қабылдай бастадық”, – дейді Эвелина Янушайтенің анасы Иоланта Янушене.

Алайда Эвелинаның тамағы емес, іші ауыра беріпті. Ал 3 күн бұрын жағдайы тіптен нашарлап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Сөйтіп, дәрігерлер тағы да соқырішек болған деп, науқас қыз бірден пышаққа түсіпті. Тек 4 сағаттан кейін өлі денесі қайтарылған. Енді операция үстінде көз жұмған қыздың анасы болған жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр.

“Негізі отаның жетінші минутында көз жұмған. Ал дәрігерлер қаралы хабарды 4 сағаттан кейін жеткізді. Осы уақыт бойы қателіктерін жабуға тырысқаны анық. Себебі, олар ота алдында қызымның ағзасын тексерген жоқ. Менің ойымша, қызым артық мөлшердегі наркоздан немесе салынған дәрі-дәрмектерге аллергиядан көз жұмды”, – дейді Иоланта Янушене. Ота соқырішекке жасалғанымен, соңында науқастың өкпесі қабынған болып шыққан. Дегенмен, дәрігерлер өздерінен ешқандай ағаттық кетпегенін мәлімдеді.

“Мамандар дұрыс диагноз қойған. Науқастың іш қуысы қатты ауырғанда біз ота арқылы, себебін анықтауға міндеттіміз. Науқастың неден көз жұмғанын мәйітке жасалған зерттеу көрсетеді. Соны күтейік”, – дейді Алматы қаласы №1 балалар клиникасы бас дәрігерінің орынбасары Николай Дьяченко. Ал қара жамылған әйел перзентін ауруханаға апарғаны үшін өкініп қалған. Дәрігерлерден көңілі қалған ол енді шындыққа қол жеткізбек. Сондықтан Эвелинаның өліміне кінәлілерді жазалау үшін прокуратураға шағымданбақ.


Жіберіп алмаңыз:

Қызылорда облысында өрттен үш бүлдіршін қайтыс болды

Қайтыс болған атасына хат жолдаған бүлдіршін жауап алды

Талғарда 3 жасар екі бүлдіршін өртенген көлікте қайтыс болды

Бауыржан Момышұлының құшағындағы бүлдіршін қазіргі танымал әншілердің бірі

Талқылау