Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімі: Қаза тапқан полицей Аян Ғалиев ұлының өмірге келуін 10 жыл бойы күткен

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы теракт барысында қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.

20160720091607

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында полиция старшинасы, екінші батальон полицейі Аян Ғалиев және ҚР ІІМ бұрынғы қызметкері Ғани Нұримановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

“Бүгін біз үшін ауыр күн. Біз Аян Ғалиев және Ғани Нұримановпен қоштасып жатырмыз. Аян жарақат алғанына қарамастан, қарсыласты да жаралап, қаншама адамды аман сақтап, өзі өліп кетті. Ол нағыз кәсібиліктің үлгісін көрсете алды. Отставкадағы қызметкер Ғани қызметтік парызы адал атқарды. Әріптестері оның жауапкершіл, сыйлы адам болғанын айтады”, – деді әкім.

Шаһар басшысы бұл азаматтардың қандай құрметке де лайық, нағыз батыр екенін айтты. Қаза тапқандардың балалары туралы айтқан Бауыржан Байбек көз жасына ерік берді.

“Аянның артында 10 жасар қызы мен 7 айлық ұлы қалды. Кеше мен ата-анасының үйінде болды. Олар немересін 10 жыл бойы күткен екен. Аян өз ұлының батыр болғанын қалаған. Ал Ғани Нұримановтың артында екі бірдей ұлы қалды. Өзге қаза тапқан полицейлердің де балалары бар”, – деді қала басшысы.

“Ата-аналары балаларын нағыз патриот, отан сүйгіш азамат етіп тәрбиелеген. Сіздер біздің жүрегімізде мәңгі қалатын батырларды тәрбиеледіңіздер. Полицей болу – өміріңді тәуекелге тігу. Елбасы барлық қаза тапқандардың отбастарына көңіл айтады. Ешкім де қолдаусыз қалмайды. Барлық отбасылар материалдық көмек алады”, – деді әкім.

Қала әкімі сондай-ақ, жағдаймен түсіністікпен қараған және қан тапсырған тұрғындарға да ерекше алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, террористік акт кезінде құқық қорғау органдарының үш қызметкері – 28 жастағы полиция капитаны Бауыржан Нұрмұханбетов, 24 жастағы полиция сержанты Мақсат Сәлімбаев және 42 жастағы полиция старшинасы Аян Ғалиев қаза тапқан еді. 19 шілде күні полиция лейтенанты, ЖПП мамандандырылған батальон қызметінің аға инспекторы 29 жастағы Тимур Бегасыловтың  ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.

Сондай-ақ  бүгін Алматы және Жамбыл облыстарында Мақсат Сәлімбаевті және Бауыржан Нұрмұханбетовты жерлеу рәсімі өтуде.

Талқылау