Алматы мен Нұр-Сұлтанда митингіге шыққан жүздеген адам ұсталды
Қазақстанның екі ірі қаласында митингіге шыққан жүздеген азамат ұсталды. Бұл туралы ОСК-да өткен брифинг кезінде ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: Азаттық Радиосы
"Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында Қазақстанда сотпен тыйым салынған ҚДТ экстремистік ұйымының жүздеген адамы митингіге шықты. Белгілі болғандай, аталған ұйым өкілдері сайлау қарсаңында кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялап, көтеріліске шығуға шақырған", - деді ол.
БАҚ өкілдері митингіге қанша адам қатысқанын сұрап-білуді жөн көрді.
"Мен қанша адамның шыққанына назар аудармадым. Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше жүздеген адам. Белсенді мүшелер, осы көтерілісті ұйымдастырушылар ұсталды. Олар ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазір біз қоғамдық тәртіпті орнату үшін әрекет етіп жатқандықтан, саны кейінірек белгілі болады. Журналистердің ұсталғаны туралы факті тіркелсе, біз олардың әрі қарай жұмысын жалғастыру үшін шара қабылдаймыз", - деді Марат Қожаев.
Сондай-ақ, ол шамамен жүздеген адамның ұсталғанын хабарлады.
"Мұндай жағымсыз шақыртуларға қарамастан, халық тәртіпке сәйкес учаскелерге барып дауыс беруді жалғастырып жатыр", - деді министрдің орынбасары.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 9 маусым, Қазақстан Республикасында президент сайлауы өтіп жатыр. Мемлекетте үш сағат ішінде халықтың 12,8%-і дауыс беріп үлгерді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен билікті бір-бірін қолдауға шақырды.
Мұнымен қатар, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев та Оқушылар сарайына барып дауыс берген болатын. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек дауыс беру учаскесіне отбасымен бірге барды. Бұдан өзге түскі сағат он екіге дейін халықтың 35 процентінің дауыс беріп үлгергені белгілі болды.
Бас прокуратура бюллетеньмен суретке түскендерге айыппұл салынатынын ескертті.