Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

All давай солисі қайырымдылық концерттерге қатысқысы келмейтінін айтты

All давай тобының солисі Шоқан Маратұлы өзінің есімін не себепті өзгерткенін түсіндірді. Мұнымен қатар, әнші қайырымдылық концерттерге көп бара бергісі келмейтінін жеткізді. Ол мұндай шараларды адамдардың тек өздері үшін ғана ұйымдастыратынын айтады.

13248963_285575651777751_1938829897_nФото: instagram.com/alldavay/?hl=ru

Бұл туралы “Сұхбат” бағдарламасында айтылды.

1998 жылы Алматы қаласында құрылған All давай тобының солисі Шоқанның шын есімі – Шухрат. Ол өзіне ауылдаға нағашылары қойған Шоқан есімінің көбірек ұнайтынын айтады. Өмірден опық жеп, қатты күйзеліске түскен кезінде барлығын басынан бастаймын деп шешкен. Осылайша, өзгерісті есімін өзгертуден бастаған.

“Есімімді өзгерткеніме 10 жылдан астам уақыт өтті. Мен шоу-бизнестен кететін шығармын деп қатты күйзеліп жүрдім. Өмірден өз орнымды іздеп, басқа істі кәсіп қылуды жөн көрдім. Бала күнімде ауылда нағашыларымның қолында өстім. Сол жерде мені Шоқан деп атайтын. Ал қалаға мектепке келгенде барлығы Шухрат деп шақыратын. Маған алғашқысы көбірек ұнап, оны өзгерткім келіп жүрді. Шоу-бизнестен түбегейлі бас тартқанымда өз қалауымды орындауға құқылымын деп ойладым. Есімімді өзгерткенімді 2012 жылы сайлауға түскенше ешкім білген жоқ. Кейін халық біліп, мұны шоу-бизнеске оралу үшін жасаған деп ойлады”, – деп Шоқан Маратұлы өзіне қазақы есімнің жақын болған айтады.

Әнші өмірден өз орнын іздеп, сайлауға түспек болады. Өкінішіне орай, 500 теңге қарызына бола сайлаудан шеттетіледі.

“Сайлау барысында тіркелмеген 500 теңгені тауып алып, соның салдарынан мені шеттетті. Сол сәтте оңым мен солымды бағалап, әлі дайын емес екенімді түсіндім. Мен шоу-бизнестегі сайлауға түскісі келген бірінші адаммын. Ал осы жақында өткен сайлау өзінің шоу элементтерімен танылды. Артистер бой көрсетті. Мысалы, Головкинге сайлауға қатысудың түкке де қажеті жоқ еді. Ол – барлық салмақ дәрежесі бойынша чемпион атануды мақсат тұтқан адам. Оның депутат болуға уақыты жоқ екені айдан анық. Меніңше, дәл осылай халықтың назарын аудартқысы келді. Межелеген мақсаттарына да жеткен сыңайлы”, – деп әнші сайлауға қатысты пікірімен бөлісті.

16 жыл бойы шоу-бизнесте жүрсе де, әнші топтың аты бұрынғыдай жер жармайтынын айтады. Топтың ғұмырының қысқа болуын келесідегідей түсіндірді.

13150897_1601337096861006_2024983590_n

“Бізде талантты әншілер гастрөлдік сапармен ел аралып, өздерін танытты. Қазір төртеу болмасақ та, Данияр екеуіміз өнер көрсетіп жүрміз. Өмірде қалауың бір басқа, шынайы өмірде бір басқа болуы мүмкін. Бұрын біз отырған автобусты тыңдармандарымыз төңкеруге дейін баратын. Дәл қазір мұндай танымал емеспіз”, – дейді Шоқан.

Әнші есеп беру концертін ұйымдастыруға асықпайтынын айтты. Мұндай шараға артық күш жұмсап, жүгіргісі келмейді екен.

“Бізден көбісі “Қашан концерт бересіздер?” деп сұрайды. Өз басым бір істі қолға алсам, оны жақсылап орындап шығуға тырысамын. Бірақ концерт ұйымдастыру мәселесі мені айтарлықтай шошытады. Ол көп уақытты шығындап, жеке өмірге көңіл бөлуге кедергі жасайды. Ақшаға бола уайымдамаймын, оған кететін күш-қайратты ойлаймын. Менің бизнес жобаларым бар. Ол жерде жұмысты команда мүшелеріне бөліп беріп, салмақты бәріне теңдей түсіремін. Ал концерт ұйымдастыратын болсаң, Республика Сарайында түнеуің керек болады. Мұнымен қатар, мұндай концерттен түсетін табыс та аз. Өлең айтқанды жақсы көремін, бірақ оның қайырымдылыққа айналғанын қаламаймын. Мен тегін тек караокеде ән саламын. Кейде адамдар “Келіп тегін ән айтып кетсең нең кетеді?” дейді. Олар менің осы жолға қалай келгенімді білмейді. Әрине, егер біреу қатты қиналып, көмегіме зәру болып тұрса, одан ешнәрсені аямаймын”, – дейді әнші.

Ол қайырымдылық концерттерді кей адамның өз атын шығару үшін ұйымдастыратынын айтады. Осыны білгендіктен, ұйымдастырушыларға өздерің ән айтыңдар дейді екен. Мұнымен қатар, белгілі бір би түрін меңгермесе де, сахнада ескерткіштей қатып тұратын әріптестерінің әрекеті мезі ететінін тілге тиек етті.

“Қазір көптеген әнші ескерткіш секілді. Сахнаға шығып алып құры микрофонды құшақтап тұрады. Арасында адамды қуантып, саханада ары-бері жүріп қояды. Бұл қандай өнер? Біз оның өлеңді қалай жазғанын білмейміз ғой. Бар өнерін осы сахнада паш етсін. Мәселе биде емес, көрерменнің көңілін көтеруде”, – дейді әнші.

Ағымдағы жылы Шоқан Маратұлы отбасын құрып, бала-шағалы болмақ. Ол Алл давай тобының ғұмыры әлі де ұзаққа созылып, талай биік белесті бағындыратынына сенімді.

2000 жж ең үздік топтардың бірі болған All давайдың осы күнде 3 студяилық альбомы, 10 радиосинглы және 10 бейнебаяны бар. Топ “Алтын таспа”, “Дауыс бер” сынды байқаулардың жеңімпазы болған.


Оқи отырыңыз:

Шоқан Маратұлы: Отбасын құратын уақыт жақындап қалды

AllDavay тобының әншісі Шоқан желіде шыныққан денесінің жалаңаш суретін жариялады

Әнші Рано Омароваға сырға салынды

Рано Омароваға сүйіктісі тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады

 

Талқылау