Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әли: Талай аға әріптестерім қабылданбаған рөлге режиссер мені таңдады

Әли Оқапов отандық шоу-бизнестегі «әмбебап әртістердің» тізімін толықтыруға ниетті. Бүгінде ол кино саласында өзінің бағын сынап көруде. Танымал әнші түсірілім алаңында бастан кешкен қиындықтары мен қызықтары жайлы Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген болатын.

«Өте қиын, осыншама қиын деп ойламаппын. Әрине, білгенмін. Бірақ, актердың жұмысының 90 пайызы күтумен болады екен. Таңертең түсірілім алаңына келіп, түскен кейін ғана сәтті кадрды ұстауы мүмкін. Кезек бар, кесте бар. Таңғы алтыдан күтіп отырасың. Содан кейін ештеңе болмағандай камераның алдында ойнау ол оңай емес», – дейді ән әлемінен кино саласына тосыннан келген әнші.

Бүгінде 26 жасқа аяқ басқан Әли өмір жолында 12 сыныптық музыка мектебін тәмәмдап, 4 жылын өнер университеті қабырғасында өткізіп, соңғы 2 жылда магистратурада білім алды. Ал, отандық телехикаялардың бірінде басты рөлге бекітілген әнші бұл картинада да музыкант жігіттің кейпіне еніпті. Алайда, Оқапов сомдаған образға алғашқыда бәсекелестер көп болған. Бірақ, кастинг барысында Әли талай танымалдарды шаң қаптырып кеткен көрінеді.

«Менімен қатар бірнеше кандидат болды. Олардың арасында танымал әртістер, әншілер болған! Бірақ кімдер екенін айта алмаймын. Өйткені, олар кастингтен өте алмағандықтан ыңғайсыз. Мысалы, «олар өтпеді, мен өттім, мен оздым, мен басымырақ болдым» деп мақтанған сияқты боламын», – дейді Әли.

Іріктеуден сүрінбей өткен сері үшін түсірілім барысында музыкалық аспапта ойнау қиындық туғызбаса да, түсірілім жұмыстары кезінде актерлық шеберлігінің кемшін тұстары анық байқалғанын жасырмайды.

«Барлық актерлық құрамды алсақ, жалғыз мамандығы актер емес мен ғана. Қалғандарының бәрі кәсіби актерлар. Тәжірибелі, мамандығы бар. Олар қалыспай, кей кездері тіл байлығым жетпей қалады. Кейбір кездері қазақшам да жетпей қалады. Оны да мойындау керек. Футбол жағынан мен нашармын. Ал, менің кейіпкерім футболшы», – дейді өз образына сипаттама берген Оқапов.

Иә, бүгінде әншілер кинонарықтан нәпақасын тапса, актер мамандығын меңгергендердің сахнада ән салуы сәнге айналғандай. Тіпті, талай мәрте сынның садағына іліккен сәттер де жиі орын алған-ды! Алайда, отандық шоу-бизнесте трендке айналған бұл үрдіске Әлидің айтары бар.

«Мен ғана бастаған жоқпын, басқа әртістер де бар ғой. Екеуінде қатар алып жүруге болады деп ойлаймын. Сондықтан, алдағы уақытта жақсы ұсыныстар түсіп жатса, актерлық қырымды дамытуға тырысамын», – дейді кино саласына бет бұрған Оқапов.

Оқи отырыңыз:

Ажырасу мен айықпас дерт: Танымалдығын арттыру үшін «жұлдыздар» тағдырын өздері жазып әлек

«Дос-Мұқасан» тобы құрылғанына 50 жыл толуын сүйікті тыңдармандарымен бірге атап өтті (фото, видео)

Заңгер: Бізде тергеушілер бірден педофилдерді қорғап, барлығына зорланған қызды кінәлайды (видео)

Роза Қуанышқызы: Жұрт мені сыр бермейтін «темір әйел» дейді. Бірақ, жалғыздықта көп жыладым

“Айырылыстық” деп жар салған Дәурен мен Ақбота ұсталып қалды

 

Талқылау