Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі танымал басылым қазақстандық данышпанның партитурасын шығарды

Немістің Verlag Neue Musik баспасы қазақстандық композитор Рахат-Би Абдысағынның партитурасын шығарды. Осылайша Рахат-Би әлемге танымал каталогқа шығармасы енген алғашқы қазақ музыканты атанды, деп хабарлайды Хабар24 арнасы.

000жэ

Фото: 100ESIM.EL.KZ сайтынан

Немістің Verlag Neue Musik баспасының 60 жылдық тарихы бар. Мұнда төрткүл дүниеге аты мәшһүр Бах, Моцарт, Чайковскийдің шығармалары басылып шыққан.

“Каталогтан Британия, Қытай, Италия композиторларының шығармаларын табуға болады. Енді олардың қатарында қазақстандық өнер иесінің де туындысы бар. Біз оның музыкасынан ерекше құдіретті байқадық. Сазы жүрекке жетті. Сол үшін келісім бердік”, – дейді Verlag Neue Musik баспасының шеф-редакторы Кристоф Таггатц.

Шетелдіктер Рахат-би Әбдісағынды қазақтың Моцарты деп атайды. Ол көпшілікті таңғалдырудан жалыққан емес. 18 жасында магистратураны тәмәмдаған. Осы уақыт ішінде 100-ге жуық шығарма жазды. Оның туындылары Еуропаның көптеген сахнасында шырқалды.

“Музыканың тілі жоқ. Неміс баспасының шығармаларымды жариялауының сыры осында деп білемін. Арманым –Қазақстанды әлемге таныту. Бүгінде қазақ шығармалары көп елдің сахнасында шырқалып жүр. Бізге осындай жағдай жасаған Елбасыға алғысымды білдіремін”, – дейді композитор Рахат-Би Әбдісағын.

0жэ

Райнберт Эверс қазақстандық композитордың өнеріне жоғары баға берді. Мюнстер университетінің профессоры, гитарист «Тень Альгамбры» композициясын ойнады. Бұл туындыны Рахат-би Райнберттің тапсырысы бойынша жазып шыққан.

“Бір кездері Рахат-биге маған арнап шығарма жазып берші деп қолқа салдым. Өтінішімді жерге тастамады. Енді соны орындап шықтым. Өте керемет. Рахат әр нотаны жүрегімен сезеді. Ол – талантты, дарынды композитор, – дейді Мюнстер университетінің профессоры Райнберт Эверс.

Қазақ композиторының шығармалары Берлин тұрғындарын да бейжай қалдырмады. Екі ел ынтымақтастығының 25 жылдығына арналған концертке жиналғандар композитор туындыларын ұйып тыңдады.


Жіберіп алмаңыз:

Қайрат Нұртас: Мені шетелдіктер де таниды. Сол үшін бай болып көрінуге тырысамын

Бекболат Тілеуханов: Лауазымды қызметті бақыт деп санайтындар бар

Қазақстандық жұлдыздар марқұм Шалқар Үркімбаевтың науқас ұлына ақша жинауға шақырды

Алматылық рэпер әже: Маған Тимати мен Егор Крид ұнайды

Талқылау