Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде драма театрдың актерлері мінген көлік апатқа ұшырады

“Ақтөбеде облыстық драма театрының актерлері мінген көлік апатқа ұшырады. Театрдың қызметтік көлігі жеңіл көлікпен соқтығысып, он бір адам зардап шеккен”, – деп хабарлайды 31 арнасының сайты.

пп

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының екі актрисасы омыртқасы мен  бұғанасы сынып, ауруханада жатыр. Сондай-ақ, көлікте болған он үш жастағы қыз баланың да бас миы жарақаттанған.

УАЗ көлігі ВАЗ көлігімен соғысқан жол апаты кешкі сағат сегіздердің шамасында болған. Апаттан он бір адам зардап шеккен. УАЗ көлігінде Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың актерлері, әкімшісі, қызметкерлері, дыбыс режиссерлеры болған. Қазір ауыр жарақат алған  екі актриса мен он үш жастағы қыз ауруханада жатыр. Татьяна Доценко бүгін ғана есін жиыпты. Актрисаның есінде әріптестерімен бірге қойылымнан шығып, үйіне қарай келе жатқан сәті ғана қалыпты. Қатты шыққан дыбыстан соң ол есінен танып қалғанын айтады.

“Мен өзімнің қанша уақыт ес – түзсіз жатқанымды білмеймін. Бір көзімді ашсам жерде жатырмын. Барлығы маған Татьяна тек қозғалма деп жатыр. Денем ауырып қатты ауырып қалыпты. Жедел жәрдем ауруханаға жеткізді. Барлығы қас пен көздің арасында болды”, – дейді зардап шегуші Татьяна Доценко.

Татьянаның омыртқа сүйегі сынып, жұлыны зақымданған. Ал зардап шеккен тағы бір  актрисаның иығы шығып, омыртқасына зақым келіпті. Оны қазір дәрігерлер отаға дайындап жатыр. Ал басынан жарақат алған он үш жастағы  қыз қазір балалар ауруханасында. Дәрігерлер оның да жағдайын бірқалыпты орташа деп бағалап отыр.

“Науқас тексеруден толық өтті. Компьютерлік томография өткізілді. Рентгенге түсірдік. Қазіргі жағдайы орташа, емін алып жатыр”, – дейді Ақтөбе қалалық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Мақсат Оразжанов.

Он бір қызметкері жол көлік апатына түскен театр  күнделікті тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Қазір екі жетекші рөлдегі актрисаларды басқа актерлер алмастырған. Апатқа түскен  театрдың өзге қызметкерлері  қолы сынған және басқа жеңіл жарақатпен  емханалық ем қабылдап,  бүгін жұмысқа шыққан.

“Қызметкерлер өндірістік жарақат алды. Бірақ олар толық айығып шыққанша басқа актерлермен алмастырдық. Өйткені афишалар ілінген. Осы сенбіде спектакль  бар”, – дейді Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театры актрисасы Валентина Софина.

Қазір жол апатына қатысты бірнеше сараптама тағайындалған. Полицейлер жол апатына кінәлілерді анықтап жатыр. Бір белгілісі жеңіл көлікте ресейлік нөмір болған.

Талқылау