Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне пәтер берілді

Ақтөбе қаласында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен бюджеттік ұйымдардың жұмысшыларына «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пәтер берілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 11 пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ақтөбеде пәтер кілті берілді

«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде балалар үйінің түлектері мен бюджеттік ұйым қызметкерлері баспанаға қол жеткізді. Олардың көбісінің жұмыс тәжірибесі мен табысы аз болғандықтан, жалға берілген пәтерлерді алдағы уақытта сатып алу мүмкіндігі ұсынылды. Жалдамалы пәтерде тұрып жатып, мемлекеттік бағдарламаға қатысушы 6 жыл ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» өз депозитінде пәтер бағасының 50 пайызын жинауы тиіс.  Осыған сәйкес, ол ай сайын шотына орташа есеппен 35 000 теңгеден салып тұруы керек. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін, банк қалған 50 пайызын несиеге жылдық 4,2 пайыз мөлшерлемемен береді.

Жаңа қоныс иелерінің бірі – 23 жастағы Болат Шүкіров. Балалар үйінің түлегі «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрады және Ақтөбе қаласында өзінің кішігірім бизнесімен айналысуда. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу ол үшін баспанаға қол жеткізудің ең тиімді жолы болды. Пәтер иесі атанған Ақтөбе қаласының жас тұрғыны енді өз отбасын құруды жоспарлауда.

Осы жылы Болат Шүкіровпен қатар қоныс тойын тағы балалар үйінің 20 түлегі атап өтпек.

Пәтер кілті табысталғаннан кейін жаңа қоныс иелері мен шақырылған қонақтар өз үйлерінің маңында ағаш көшеттерін отырғызды.

Талқылау