Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 2 жыл бұрын жаңа баспанаға кірген тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқып отыр

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер мен мемлекеттік қызметкерлерге берген баспананың қабырғасы сөгіліп жатыр. Сапасы сын көтермейтін жатақхананың тұрғызылғанына небәрі екі жыл ғана болыпты. Тұрғындары шағым айтайын десе, бата алмайды. Онсыз да тек коммуналдық төлемдерін ғана төлеп отырған шағын бөлмеден айрылып қаламыз ба деп қорқады. Алайда, қабырғасы қақ айрылса, үйіндінің астында қаламыз деген қорқынышы жеңген жұрт ойындағысын жайып салды.

Ақтөбеде 2 жыл бұрын жаңа баспанаға кірген тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқып отыр

Осы уақытқа дейін әйелімен, үш баласымен пәтер жағалап жүрген Бекболат жатақхананың бір бөлмесіне қол жеткізгенде қуанышында шек болмапты. Үш жыл мерзімге берілген арендалық баспана қолайлы болды деп мәз болғанын айтады. Алайда, ол қуаныштары ұзаққа созылмапты. Пәтерінің қабырғалары мен төбесіне түскен жарық отбасыны сары уайымға түсіріп отыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Осыдан екі жыл бұрын ғой, содан бері сызат бар ұзыннан. Келіншегіме айтып едім: «Үндеме, Бекболат!» – деді. Қорқамыз ғой енді, түнде бала-шағамен жатқанда түсіп кете ме, кім білген?» – деп қала тұрғыны Бекболат Жаңатаев.

Жарықшақ жалғыз бір ғана пәтерде емес. Жас ана Ботагөз Балисанова да өткен жаздан бері сызатпен «алысып» шаршадым дейді. Асүйдегі жарықшақтар күннен-күнге ұлғайып бара жатқанын айтады. Ал қонақ үйдегі сызатты өз беттерінше сылап, жамап-жасқап қойған.

«Бір жағына қарай құлап кетіп жатса да, неше түрлі оқиғалар бар ғой. Шетінен де емес, ортасынан жарылған. Дәл екі ортасы қосылған жерде. 1-қабаттан 5-қабатқа дейін. Көтеріліп келе жатқанда көрініп тұр», – дейді қала тұрғыны Ботагөз Балисанова.

Бесқабатты жатақхана осыдан екі жыл бұрын, мамыр айында пайдалануға берілген еді. Нысан мемлекеттік бағдарлама аясында салынған. Жалпы аумағы – 5500 шаршы метр. Уақытша қызметтік пәтерде тұратындар тек ай сайынғы коммуналдық төлемдерді төлеп тұруы тиіс. Алайда, сызаттан жел улеп, көктеп жатқан үйде коммуналдық төлемнен басқа да шығындар шығып жатыр екен. Ал үйді тұрғызғандар ортасынан қақ айрылғалы тұрған үйден еш қауіп жоқ деп отыр. Тіпті, солай болуы керек деп жұбатады.

Құрылыс компаниясы өкілдерінің сөзін әкімдіктегілер деп құптай кетті. Алаңдамай, тыныш ұйықтаңыздар деп отыр.

«Пішіні өзгерген тігіс деген боады ғой, мына ғимараттың ұзындығы 70 метрден асса, ортасынан солай тігіспен бөлінеді. Ол көктемде күн жылынғанда немесе салқын кезде ойнайды. Жұмыс істейді енді компания», – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Тұрымов.

Барлық олқылықтарды мердігер өзі реттеп беретін болды. Жөндеу жұмыстарын көп созбай қолға аламыз деп тарасты тараптар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау