Ақтөбе тұрғындары марқұмдарды зиратқа жерлеу үшін де қымбат ақша төлеуге мәжбүр
Ақтөбенің тұрғындары қорымды сенімгерлік басқаруға беріп қойған атқарушы биліктің әрекетіне өкпелі. Жекенің қолына өткелі жерлеу құнының көлемі қымбаттағаны былай тұрсын, енді марқұмды жер қойнына тапсыру үшін жұрт әуелі сол мекеменің рұқсатын алулары керек екен.
Әйтпесе, жаңа қожайын бейіттің маңына да жуытпайды. Ауыл тұрғындары зиратты жекеге бергеннен жағдай жақсарып кетпегенін айтып отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қала маңындағы бейіттерді сенімгерлік басқаруға бергенде, әкімдіктегілер зираттардың бәрін бірдей бақылап, күтіп ұстауға шамамыз келмейді деген уәж айтқан еді. Кейін жауапкершілік қорымдарды жалға алған «Салттық қызметтердің бірыңғай орталығына» жүктелді. Жалға алған мекеме Ақтөбенің маңындағы 50 зиратты күтіп ұстап, қоқысын тазартып, қоршауды өз міндетіне алды. Алайда, қаланың іргесіндегі Қурайлы ауылының тұрғындары айтлығанның бәрі қағаз жүзінде қалды деп, қызметіне көңілі толмай отыр.
“Бұл жөнінде халық қарсы. Ештеңе істеп жатқан жоқ, қарашы, ана біздің бәрін бұзып, есікті мына жақтан шығарған, вагонымыз анау алқан талқан, шығарып тастады, цистернаның тұрысы анау” – Қурайлы ауылының тұрғыны Жолдыбай Імбағамбет.
Бейіттен бизнес жасағандарды сынаған халық жеке компания жерлеу үшін «әкесінің құнын сұрап отыр» деп шуласқан еді. Артынша арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың пікірін ескердік деді шенділер. Жалға алған тарап 5 мың, 10 мың, 20 мың теңге қаржы көрсетілген қызмет үшін ғана алынатынын айтқан еді. Бірақ, жұрттың айтқаны бұған мүлде қайшы келіп отыр.
“Біреулерге көрсетілген қызметі үшін түбіртек берген, біреулерге оны да бермейтін көрінеді. Қызметіне алып жатқан ақшасы да түсініксіз. Бір тұрғыннан 85 мың алған, ал мына танысым құдағиын жерлегенде 65 мың төледік дейді. Ал біздің ауылдың әкімінің айтқаны, келісім шартқа отырғанда 30 мың теңге деген баға туралы сөз болды. Мұны әкімдік бақылауы керек ғой” – Қурайлы ауылының тұрғынығ бастамашы топ өкілі Феодор Гриценко.
Жеке компания болса келісім-шартта көрсетілген міндеттерді атқарып жатырмыз деп, өздеріне шаң жуытпай отыр. Жерлеуге берілген аумақты жинастырып, қоқыстарды шығарып, қыс уақытында жолдарын тазартып отыр екен. Ауылдықтардың бейіт маңынан бірде бір қызметкерін көзіміз шалмады дегендерін де жоққа шығарды. Тіпті, күн сайын қызметкерлеріміз зираттарға рейд жүргізеді деп отыр.
Тағы да оқыңыз:
ОҚО-да 40 жыл бел жазбай станокта жұмыс жасаған еңбек ардагері зейнетақыға жарымай отыр
Семейде далада қалғандарды панасына алатын Аналар үйінде үйлену тойы болды (фото)