АҚШ-та ұсталған қазақстандық қыздар сирек кездесетін көліктерді сатумен айналысқан
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та ірі алаяқтық үшін тұтқындалған үш әйелдің Қазақстанның азаматшалары екенін растады. Азиза Жалолова, Диора Аширова және Елена Құдайбергенова Тараз қаласының тумалары. Олар сирек кездесетін көліктерді сатумен айналысты деп айыпталуда, деп жазады Stan.kz.
Алаяқтық үшін қамауға алынған қазақстандықтардың ең кішісі 24 жаста болса, ал ең үлкені 50-ге таяп қалған әйел. Олар автокөліктерді сату туралы хабарландыру беріп, сатып алушылардан алдын ала төлем алып отырған. Алайда, әйелдер ол қаражатты алғаннан кейін клиенттермен барлық байланыстарын үзіп, іздерін суытқан.
Осылайша, сирек кездесетін көліктерді сатумен айналасып, ірі көлемде алаяқтық жасаған қазақстандық азаматшалар абақтыдан бір-ақ шықты. Ал, олардың ұсталғаны жайлы жаңалық біздің елге де жетіп, БАҚ-та тарап кетті. Олардың қамауға алынғаны туралы естіген ата-аналары да қыздарының ұсталуына қатысты түсініктеме берді.
Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген Диора Ашированың әкесімен байланысқа шықпағанына бірнеше жыл болған екен.
Мирсұлтан Ахұнжанов Диораның сегіз жыл бұрын күйеуі мен ұлын ертіп елден кетіп қалғанын айтты. Ер адам «ешқашан қызымды бұлай тәрбиелеген емеспін» деп, күрсінеді. Әкесінің пікірінше, қызын осындай алаяқтық жасауға Азиза есімді үшінші күдікті үгіттеген.
Бірақ, 24 жастағы Азиза Жалолованың анасы қызының АҚШ-тағы жеке клиникалардың бірінде жұмыс істегенін және оның мұндай әрекетке баруы мүмкін емес екенін айтты.
«Мүмкін оларды біреулер әдейі ұрындырған шығар. Не айтарымды білмеймін, мен тіпті бұл туралы жаңалықтарды да ашып оқи алмаймын», – дейді әйел.
АҚШ-та ұсталған Қазақстанның екі азаматшасы қазір қамауда отыр. Ал, 1970 жылы туған әйел денсаулығына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. АҚШ-та ұсталғандардың барлығы 20-дан 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Олар келтірген залалдың мөлшері 4,5 миллион долларды құрайды. Қамауға алынған қазақстандық азаматшалардың 25 адамнан тұратын халықаралық қылмыстық топтың мүшелері болғаны белгілі болды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.