Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Адамға сенуден қалдым”: Салтанат Бақаева ақындармен жұмыс істеу тәсілін өзгертті

Биыл Салтанат Бақаева үшін табысты әрі текетіреске толы жыл болды. Әнші бикеш керекулік жас ақынмен қаламақы үшін жанжалдасып, кейін гонорарын қайтарып берген болатын. Алғашқыда тегін жазып, кейін ақша талап еткен Назерке Семей атты арудың жазбасы қазнетте де қызу талқыға түскен еді. Дәл осы жағдайды есіне түсірсе, «Арнау» тобының солисті көзіне жас алады. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Бақаева қазір адамға сенуден қалғанын айтады.

салтанат бақаева

«Басында тегін сыйлап берген сөзді, кейін екі жылдан соң мен сол әннің сөзіне ақша алмадым деп шыққан жағдай менің жағамды ұстатты. Бірақ оны да мен түсінемін. Бәлкім әннің хит болып жатқандығы шығар деп ойлаймын. Халықтың көңілінен шыққандығының белгісі деп ойлаймын», – дейді Салтанат.

Салтанатпен шығармашылық қарым-қатынаста болуға ниетті жас ақындар көп көрінеді. Басым бөлігі мәтіндерін тегін ұсынады. Бірақ Назеркеден көңілі қалған «Арнау» дуэтінің әншісі олардан ат-тонын ала қашады екен.

«Қазіргі таңда көптеген жас ақындар әлі күнге дейін хабарласып: «Салтанат, осы әніңізге сөз жазып берейінші» – деп айтады. Бірақ мен ондай ақындарға қазір мүлдем жоламаймын. Қазір былайша айтады, кейін басқаша сөйлеп кетеді. Адам өзі тұрақсыз ғой. Сондықтан адамға сенудің өзі қазір қорқынышты», – дейді әнші.

Бүгінде Бақаева әр қадамын аңдып басатын болған. Ән мәтіні көңілінен шықса ғана алдымен қағаз жүзінде келісімшартқа қол қойып, одан кейін қаламақысын табыстайды екен.

«Негізі адамның ниетіне байланысты. Қазір алдымен ақшасын төлеймін. Бірақ барлық ақынмен құжат арқылы жұмыс істеймін деп айта алмаймын. Назерке Семеймен болған жағдайдан кейін 2-3 ән жазып тастадық. Негізі барынша айтқан сөзіңе берік, адал болсаң ондай жағдай туындамайды деп ойлаймын», – дейді «Арнау» дуэтінің әншісі.

Ал, қазір Назерке Семеймен қарым-қатынасын үзген. «Аузы күйген үрлеп ішедінің» күйін кешкен Салтанат, өзінен ақша талап еткен ақынмен болашақта шығармашылық байланыс орнатудан да бас тартып отыр.

«Жоқ, мен Назерке Семеймен қайта жұмыс жасағым келмейді. Мен оған тек өнерде жолы болсын деп тілеймін. Бұл менің соңғы әрі нақты шешімім. Бірақ басқа әншілерге олай істемесін дегім келеді», – дейді Салтанат Бақаева.

«Бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, Салтанат жас ақынмен арадағы түсініспеушіліктен кейін, отандық телеарналардың бірінде әніне мәтін жазған Сара Тоқтамысованың тегін есіне түсіре алмай әбден әбігерге түскені тағы бар. Камера алдында қобалжыған «Арнау» дуэтінің мүшесі кейін айтыскер ақыннан әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, қателігін мойындаған болатын.

«Осындай бірнеше жайсыз жағдайларға мен ілініп қалдым. Өмір болған соң осыдай жайттар болып тұрады. Бұл кезеңнен де өту керек шығар. Бірақ шыны керек мен өзім хайптан алшақ адаммын», – деп сөзін түйіндеді Бақаева.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау