Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әблязов негізін қалаған қозғалыс Қазақстанда экстремистік ұйым болып танылды

Шетелде қашып жүрген олигарх Мұхтар Әблязов негізін қалаған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы экстремистік ұйым деп танылды.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратура өкілдері осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Бас прокуратура “Қазақстанның демократиялық таңдауы” атты тіркелмеген қозғалыстың заңсыз қызметін анықтады. Оны Қазақстанда 20 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған Мұхтар Әблязов құрған. Әблязов сотпен қылмыстық қоғамдастықты құрғаны, 7,5 млрд. АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарғаны үшін кінәлі болып танылған. Қылмыстық табыстарды заңдастыру фактілері бойынша бірқатар еуропалық елдерде Әблязовқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ұлыбританияда Лондон қаласының Жоғарғы сотының шешімімен Әблязов пен оның сыбайластарынан 4 миллирад АҚШ доллары өндірілген”, — деді бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.
Оның мәлімдеуінше, шетелде сот жазасынан жасырынып, Әблязов Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарын бұзып, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекетін жалғастыруда. Интеренет желілер, месенджерлер, сондай-ақ әр түрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы Әблязов белсенді түрде Қазақстанның азаматтарын қозғалысқа қосылуға шақырады, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күйлер қалыптастыруда.
“Осылайша, жоспарлы түрде әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруда. Наразылық акциялардың бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы М.Әблязов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты — билікті құлатып, басып алу болып табылады. Бұл әрекеттер «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша саяси экстремизм болып саналады және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қылмыс ретінде қудаланады”, — делінген бас прокуратураның мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Бас прокуратура “Прокуратура туралы” заңда көзделген өкілеттіктерін іске асырып, сотқа қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы арызбен жүгінген.

“2018 жылғы 13 наурызда Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен аталған арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сотпен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл ұйымның әрекетін ақпараттық материалдар, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілері, мессенджерлер және бейне-хостингтер арқылы таратуға тыйым салынды. Бұдан басқа, әлеуметтік алауыздықты қоздыру, билікті басып алуды насихаттау және оған жария түрде шақыру фактілері бойынша ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде”, — деді Лоскутова.

“Құрметті азаматтар, Бас прокуратура сот шешімінен кейін “Қазақстанның демократиялық таңдауы” экстремистік ұйымының әрекетіне кез келген қатысқаны және қаржыландырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 182, 258 және 405 баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін түсіндіреді. “Қатысу” әрекетіне қозғалыстың идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады.
Сонымен қатар, “қатысу” болып қозғалысты және оның басшысы Әблязовті қолдауда митингілерді, шерулерді, жария акцияларын және басқа жаппай іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу саналады. “Қаржыландыру” ұғымына Әбілязов пен қозғалысқа  ақшаны, өзге де мүлікті беру немесе жинау, сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық жасау, спонсорлық және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсету жатады. Сонымен қатар, істегі заңнамаға сәйкес, экстремистік топтың әрекетіне қатысуды өз еркімен тоқтатқан адам, қылмыстық жауаптылықтан босатылады”, — делінген мәлімдемеде.

Оқи отырыңыз:

Қазақстанда жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

Алматылық жігіт бір қазаққа жерін тегін беретінін айтты

7 пайыздық ипотеканың басты талабы қандай болады

Талқылау