Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбдіжаппар Әлқожа өзінің әндерін орындап жүрген жас әншілермен соттасуға дайын

Отандық әншілер Өзбекстаннан үлгі алып, “ұятсыз” бейнебаяндар түсіретін әншілердің лицензиясын алып қоюға ұсыныс білдіреді. Қазақ халқының көңілінен шыққан Әбдіжаппар Әлқожа мен Қанат Үмбетов Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне осыған қатысты пікірлерін білдірді.

Әбдіжаппар Әлқожа

Әбдіжаппар Әлқожаның сөзінше, лицензия туралы сөз қозғамай тұрып, әншілерге ең алдымен қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, олардың құқықтары сақталуы керек.

“Әншілер жұмысының қаржысын алып, өз еңбегінің жемісін көрсе екен. Өз еңбегінің нәтижесін көре алмай жүргендер қаншама. Туындылары қазақылыққа, руханиятқа толы, клиптері жиырмаға жететін әншілер бар. Алайда оларға ешқайдан табыс келіп жатқан жоқ. Ең алдымен осы дүние реттелсе екен деймін.
Сосын барып қана лицензия туралы әңгіме қозғауға болады”, — дейді ол.

Әңгіме барысында әнші бүгінгі күні авторлық құқыққа байланысты туындап жатқан мәселелерге тоқталып өтті.

“Авторлық құқық деген бар ғой. Мысалы, біз авторларға өз қалтамыздан ақша шығарып төлейміз. Оларға қаражат әр концерт сайын беріледі. Ал біздің әндерімізді аймақта, ауылда отырған әншілер қалағанынша айта береді. Әр әншінің әні өзіне. Олар өздерінікін айтсын. Енді шығып келе жатқан әншілердің хит әнін айтуға жол бермес едім.

Өзімде ән жазамын. Музыканы көркемдеушім, сөз жазатын ақындарым бар. Авторлық қоғамнан бізге айына 27 мың теңге түсіп тұрады. Авторлық құқық барлығын реттеп “мынау сенің наның, сенің еңбегің” деп бізге қаражат бермесе, өзіміз соттасуға дейін баруға мәжбүр болып қаламыз”, — дейді Әбдіжаппар Әлқожа.

Сазды әндерімен халықтың махаббатына бөленіп үлгерген Қанат Үмбетов, жақында өткен “Жыл Таңдауы” байқауында жүлдеге ие болса да, жалпы байқауларға көңілі толмайтынын сөз етті.

Қанат Үмбетов

“Тек байқаулар емес, көп нәрсеге көңілім толмайды. Байқауларда көп дүниелер сатылады. “Ананың баласы”, “мынаның баласы” деп орындарды беріп жібереді. Ондай нәрсе өнерде болмауы керек. Өнер ешқашан ақшаға сатылмайды”, — дейді әнші.

Бірнеше хиттердің авторы өнерге енді-енді еніп келе жатқанын айтып, болашақта, қырыққа тақағанда ғана шәкірт тәрбиелеп қалуы мүмкін екенін сөз етті.

“Өнерден аларым көп. Аллаға шүкір ертең жасымыз қырыққа келіп, Тоқтар, Мейрамбек ағалардың жасына жеткенде шәкірт іздемесем, қазір менде ондай ой жоқ. Мен әлі өзімді тәрбиелеп жүрмін.

Алла Тағала көрсетіп жатса, халықаралық болсын не дүниежүзілік болсын, байқауларға қатысып қалармын. Бірақ мен өзім ондай нәрсені армандамаймын. Қазақтың алдында әнімді айтып еркелеп жүре бергім келеді”, – дейді Қанат Үмбетов.

Әнші шетел асып, сол жерде танылып жататын өнер иелеріне де қатысты пікір білдірді.

“Жалпы, өнер адамына Алла Тағала ризық-несібесін шашып беріп қояды. Бізде ертең бізге қай уақыттан қай қаладан ақша түсетінін білмейміз. Бірақ әйтеуір Аллаға шүкір түсіп жатады. Оның да бағы несібесі шетелде шығар, оны бір Алла біледі”, — дейді әнші.

Сонымен қатар, әншінің пікірінше, тұрпайы бейнебаян түсіретін әншілерді лицензиясынан айыру туралы заң бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Бірақ ешнәрсе өзгермейді.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау