Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайырымды жандар 9 баланы асырап алған отбасыға үй салып берді

«Жұмыла көтерген жүк — жеңіл». Көп балалы отбасына қайырымды жандар үй тұрғызып берді. Төлегеновтердің отбасында 10 бала бар.

он

Бұл туралы Евразия бірінші арнасы хабарлайды.

Енді олардың бірнеше жылғы арманы орындалды. Себебі ең керек сыйлыққа ие болды. Жүректері шексіз мейірімге толы отандастарымыз жайлы тілшіміз Аяулым Мұратқызы тарқатады.

Төлегеновтер отбасына — даңғарадай үй кеңдік етпейді. Өйткені бұл отбасының 10 баласы бар. Оның тоғызын ерлі-зайыптылар асырап алған.

«Бұның барлығы менің балаларым. Сөзімді айтып жеткізе алмай тұрмын. Бұл Тәңірдің бергені болар» — көп балалы ана Гүлжауһар Төлегенова.

Үйдегі балалардың жасы да, ұлты да, тағдыры да сан түрлі…  Барлығы басынан өткерген қиыншылықтан арылып, отбасылық жылуды осы үйде сезе білген. Қыздардың үлкені жарты жыл бұрын ғана ата-анасына жаңа қуаныш сыйлап, оларды ата-әже атандырды.

«Анам мен оқыған мектепте оқу ісінің меңгерушісі және ұстаз болып қызмет етті. Менің өмірімде ауыр кезеңдер болып, жақындарым менен бас тартқанда мені өзінің баласы ретінде қабылдап, үйге алып келді. Мен 13 жасымда осы үйдің 5-ші баласы болдым. Жеткіншек шағымда сынып қалмай, қиын кезеңді басымнан өткеруге анам көмектесті» — Төлегеновтердің асырап алған қызы Вера Аксёнова.

Қамқор ата-ана балаларға керек дүниені үйретумен қатар, олардың бойындағы өнерлерін шыңдауға да жәрдемдесуде. Бірі спортта үздік болса, екіншісі білім жолындағы жетістіктерімен қуантып қана қоймай, ата-анасына үй шаруасына да көмектеседі.

«Үйдің іші үнемі таза. Балаларым маған тіпті түскі ас дайындап, мектепке алып келеді. Биылғы жылы бау-бақшаға Шыңғыс қарады. Барлығын суарып, арамшөптен тазартып, енді жаз бойындағы еңбегі  жертөледе тұр. Ол жерде барлығы өзіміздің бақшаның жеміс-жидектері мен көкөністері» — көп балалы ана Гүлжауһар Төлегенова.

Бұл үй олардың көптен бергі арманы. Осыдан 3 жыл бұрын отбасы өз күшімен салмақ болып, ойлары жүзеге аспай қалған. Ал, енді көп балалы отбасына облыстағы қарапайым жандар мен ұстаздар көмек қолын созған. Кейін Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері жағдайдан құлағдар болып, істі ауқымды түрде ұйымдастырып, жүргізген.

«Бар күшімізбен осы үйді тұрғызуға ортақтастық. Біз оған өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да, бұл отбасының жаңа үйге орналасуына жәрдемдесіп, көмек қолымызды созатын боламыз» — Облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлвира Құдайқұлова.

Төлегеновтердің үйі отбасы қалпындағы балалар үйі тәрізді. Алайда, бұл шаңырақта мейірім мен рахымдылық, адалдық тәрізді ізгі тәлім бірінші орында. Бір үйдің нанын бөлісе жеген балалар бір-біріне деген махаббатты үйдегі ата-анадан бойларына сіңірген.

Жіберіп алмаңыз:

Көріпкел Турсуной Закирова Тәжікстанда жәрдемге мұқтаж жандарға үй салып берді

Шымкенттік әже тұрмысы төмен балаларды оқу ақысын төлеп қайырымдылықпен айналысады

Қайырымды жандардың арқасында атыраулық науқас қызға шетелде ота жасалды

Талқылау