Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 369 мың теңгеден төленді

Бүгінде арнайы құрылған өңірлік комиссияларға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарынан 13 577 өтініш келіп түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жойқын су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды бағалау және өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"5 803 отбасы 100 АЕК немесе 369 200 теңге көлемінде жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам біржолғы төлем алды. 877 отбасына келтірілген материалдық шығын үшін жалпы сомасы 380 миллион теңге өтемақы төленді. Мал шығыны үшін берілген өтемақының жалпы сомасы 38,9 миллион теңгеге жетті", – делінген премьер-министрдің баспасөз хабарламасында.

2024 жылдың 18 сәуіріндегі ахуал бойынша зардап шеккен өңірлерде 2 602 тұрғын үй тексеріліп, олардың 1 499-ына бағалау жүргізілді. Осылайша 794 үй жөндеуге келетіні, 701 баспананың қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталды. 



"Қазіргі уақытта 197 отбасына баспаналарын жөндеу үшін жалпы сомасы 218,6 миллион теңге өтемақы төленді. 33 отбасына қираған үйдің орнына жаңа баспана және пәтерлер берілді", – деді баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Павлодар, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тұрғын үйлердің құрылысы басталғаны туралы ақпарат берді.

Бағалау және залалды өтеу бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Президент атап өткендей, барлық зардап шеккен азаматқа мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. 

"Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесуінде. 

Еске сала кетейік, бұған дейін су тасқыны салдарынан келген залалға өтемақы алу үшін іс-қимыл алгоритмі жарияланған еді.

Талқылау