Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 баланың анасы: Күйеуім ұлды алып қалып, қыздарды балалар үйіне өткізуді ұсынды (фото)

43 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Гүлбахар Халмұратова 7 баланы дүниеге әкелген жалғызбасты ана.

Ер-азаматынсыз балаларын асырап отырған әйел олардың  күтімімен қатар, мойнына үш бірдей жұмысты алған,-деп жазды бұл отбасыға барып қайтқан Stan.kz  сайтының тілшісі.

Алайда, бұл көп балалы отбасының әлауқатын оңалтпай тұр. Әке қолдауын көрмей өсіп келген балақайлар жоқшылықтың азабын тартуға мәжбүр. Басында баспанасы жоқ үлкен отбасы әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрады.

19 жасында тұрмыс құрған Гүлбахар алғашқы некесінен бес баланы – 1 ұл, 4 қызды дүниеге әкелген. Алайда, маскүнемдікке салынған жолдасы отбасының берекесін қашырыпты.

 

«Алғашқы жарыммен бірге өткен жылдардағы көрген азапты айтып отырмайын. Оның бәрі бір Аллаға аян. Тек бәрінен де жаныма батқаны, жоқшылықтан қатты қиналғанда, жолдасым ұлымызды алып қалып, төрт қызды жетімдер үйіне өткізуді ұсынды»,-деп жылайды Гүлбахар ана.

 

Жолдасымен ажырасқан соң, 2001 жылы Гүлбахар балаларының нәпақасын табу үшін үлкен қала – Алматыға келген. Келгенде, қолында ештеңе болмағанын айтады. Әктеуші болып жұмысқа тұрып, алғашқы төсеніштерін, киімдерін сатып алғанын айтады. Балаларының бәрін әкелуге үй-жайы болмаған соң, қатынап жүріп жұмыс істейді. Тек 2009 жылы ғана отбасымен түгел көшіп келіп, уақытша баспанада тұрады. Сүйте жүріп, қазақ азаматымен сөз байласып, неке қиысады. Бір қызын дүниеге әкеледі.

 

«Басында жұбымыз жарасып, тату тұрдық. Соңынан күйеуімнің дос-жаран, туған-туыстары арамызға іріткі салды. «Бес баласы бар әйел басыңды айналдырып алыпты» деген әңгімелерімен оның құлағын жеп қоймады.

Үйде ұрыс-керіс жиілеп, кейін ұрыссыз күніміз өтпейтін болды. Ажырасуға бел будық. Ол үйден кеткенде, екінші ұлыма аяғым ауыр еді. Босанатын күнім жеткенше, талмай жұмыс істедім. 8-маусым күні босансам, 9-маусым күні жұмысқа шықтым. Себебі үйде балаларым аш жатқан соң, шыдап қарап жата алмадым», – дейді Гүлбахар.

Көп балалы ананың кенжесі Алматтың жасы биыл 3-те. Уақытша тұрақты мекен етіп жүріп, әлі буыны қатпаған сәбиге зәк өтіп, пневмониямен ауыра бастаса керек. Күтімі болмай, уақыт өте, жасына толмаған бөбектің асқынған ауруы қызылшаға айналады. 9 айға толар толмас, селкілдек ауруына ұласады.

«Күніне үш ретке дейін сіңірі тартылып қалатын. Ұлыммен бірге талай аурухана табалдырығын тоздырдым. Әлі оңалар емес балапаным. Есін білмей жатып, аурудан көз ашпады», – дейді анасы.

Әкесі кішкентай Алматтың бар екенінен де бехабар болса керек. Себебі Ресейге көшіп кеткен. Гүлбахар екеуінің арасында заңды неке болмағандықтан, алимент өндіре алмаймын деп ойлапты. Балақай шұғыл медициналық көмекке зәру.

Ал оның үлкен бауырларына, ең алдымен, баспана жетпей тұр. Жалдамалы пәтер жағалап жүрген отбасына ешкім пәтерін бергісі келмейтін көрінеді. Себебі үй қожайындары көп балалы дегеннен шошиды. Қазір тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерді екі ай бойы сарылып жүріп тауып алған.

Үздіксіз жұмыс істейтін жалғызбасты келіншек 75 000 теңгесін балаларының ішіп-жемінен жырып, үй қожайынына береді. Оның айтуынша, өздеріне көмектесемін деп, аспандағы айды уәде еткен азаматтар көп.

«Маған талай рет хабарласып, шотымды алып, көмектесемін деп кеткендер көп. Алайда, олардан түк нәтиже шықпады. Ұшты-күйлі жоқ болады. Бірі де қайтып келген емес. Менің атымды жамылып, табыс табуды көздеді ме, мен оны білмеймін. Себебі олардың соңын қуып жүруге бала-шағаммен мұршам келмей отыр», – дейді Гүлбахар.

Ол бір ай бұрын ғана «Алтын алқа» иегері атанды. Алайда, алқадан өзге балаларға еш көмек болмай тұр.

Гүлбахардың Алматыда айналдырған екі ғана туысы бар. Алайда, өзінің айтуынша, олардың өздері көмеккемұқтаж. Сондықтан, Гүлбахар бала-шағасымен отандастарынан көмек күтеді. Әсіресе, періште Алматтың жағдайы бәрінен мүшкіл болып тұр.

Ем-домның бағасы шаң қаптыратын заманда, күн көріспен әлек болып жүрген ана балақайды емдетуге әлі келмесі анық. Себебі сабаққа баоатын балалардың жабдығымен тамағы, пәтер ақысы қара жұмыс істейтін жалғыз асыраушыға айтарлықтай ауыр.

 

Оқи отырыңыз:

«Меломен» тобының əншілерін пышақтап кетті (фото)

Төреғали желіде Ерке екеуін масқаралаған видеоға қатысты түсініктеме берді

Әнші Гаухар Қаспақова сахнадан көрінбеуінің себебін түсіндірді

Жанболат студенттік шақта Жазираға ғашық болған жігіттер туралы айтты

Қос ұстазына өлең арнаған Мейрамбек Бесбаев ақындық қабілетімен таңғалдырды (видео)

 

Талқылау