Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

49 млн теңгеге пәтер сатып алған әкімдік Аружан Саинды таңғалдырды

«Дом» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин өзінің Инстаграм парақшасында 50 млн теңгеге жуық қаражатқа пәтер сатып алған Павлодар әкімдігін сынға алды.

49 млн теңгегеге пәтер сатып алған әкімдік Аружан Саинды таңғалдырды

“Білесіздер ме, Павлодар әкімдігі 49,9 млн теңгеге пәтер сатып алған. Біздің “Аутизмді жеңеміз”  жылдық жобамыз 21 млн теңге. Екі есе аз. Әр қаладан ауру балалар келіп осы қаражатқа емделеді. Ал, олар бір жылда 226 млн теңгеге 5 пәтер сатып алған. Бұл қаражатқа қанша баланы емдеп, қанша ота жасауға болады. Әкімдік пәтерді мемлекеттік қызметкер тұру үшін сатып алған”, – деп жазды ол.

Аружан Саин пәтерді сатып алған шенеуніктің аты-жөні аталмағанын атап өтті. Айтуынша, журналистердің өтінішіне әкімдік толық жауап бермеген.

“Пәтер баспанаға мұқтаж мемлекеттік қызметкер тұру үшін сатып алынды. Ол қызмет атқарған уақыт аралығында пәтерде тұра алады. Бұл әкімдіктің жауабы. Бірақ аты-жөні жоқ. 230 шаршы аумақта 49 млн теңгенің пәтеріне мұқтаж кім болды? Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сенсек, мемлекеттік қызметкерлер үшін 5 пәтер сатып алынған. Оның бәрі жағдайы жасалған пәтерлер. Ақпан айында 32 млн теңгеге 189 шаршы аумақты пәтер алған. Пәтерді әкімнің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтан алған”, – деп жазады Аружан Саин.

Желі қолданушылары да бұл пікірді қостады.

“Біз салық төлей берейік. Бұлар білгенін істесін, қымбат үйде тұрсын. Қоғамда осындай жайттарды жиі талқылау керек, сонда шектеу болады”, – деп жазды желідегілер.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар әкімдігінің 50 млн теңгеге пәтер сатып алғаны хабарланған еді. Кейіннін әкімдік бұл қадамға не себепті барғанын түсіндірді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау