Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да жеткіншіктер баланың үстіне бензин құйып, оны өртеп жіберді: бала жанұясына сіздің көмегіңіз керек

ШҚО-да 11 жастағы Нұрәліні 3000 теңге бермегені үшін қатарластары өртеп жібермек болған. Осының салдарынан бала денесінің 85 пайызын күйік шалған. Бүгінгі күні баланың анасы, оларға қамқорлық танытқан Эльмира Ешниязова есімді азаматшамен бірге әлеуметтік желілерден Нұрәлінің отасына ақша жинап жүр.  Олар Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне емге ақша жинау кезінде қандай алаяқтардың қолына түсіп қалғанын, баланың қазіргі жағдайын және америкалық дәрігерлердің көрсеткен көмегі жайлы айтып берді.

Ажал аузынан аман қалған Нұрәлі қазір Астанада анасымен бірге емделіп жатыр. Оларға көмек көрсетіп, қол ұшын созған Астана тұрғыны Эльмира Ешниязованың сөзінше, баланың осындай жағдайға тап болуына, оның жанұясындағы жағдайлар септігін тигізген:

“Менің инстаграмдағы парақшама баланың анасы көмек сұрап жазды. Ол маған күйеуімен заңды түрде екі жыл бұрын ажырасып кетсе де, жарының оны көк ала қойдай сабап, күн бермейтінін айтты. Өзінің төрт баласы бар, жұмыс істеп көрмеген. Жеке пәтері де жоқ. Мен оны Астанаға шақыртып алғанға дейін Өскеменде қайын ағасының үйінде тұрған. Ал өзінің екі ағасынан еш көмек жоқ.  Себебі оның сөзінше, ағалары әйелдерінің сөзінен асып түсе алмайды. Сондықтан еш қамқорлық көрсетпейді.

“Ал ұлы  Нұрәліні 13 жастағы екі жеткіншек ақша  бермегені үшін өртеп жіберген.  Жеткіншектер балалардан ақша талап етеді екен. Нұрәліні де осылай “счетчикке” отырғызып қойған.  Сөйтіп Нұрәлінің қарызы 3000 теңгеге жеткен. Балада ақшаның жоқ екенін түсінген  олар, оны жақын маңайдағы сарайдың артына алып барған. Сосын үстіне біреуі бензин құйып, екіншісі Нұрәліні өртеп жіберген. Абырой болғанда, сол мезетте үйіне келіп қалған тұрғын баланы құтқарып үлгерген. Дегенмен бала денесінің 85 пайызы зақымдалып кетті. Бір жылдың ішінде Нұрәліге дәрігерлер тоғыз рет ота жасады. Ал баланың үстіне ақша бермегені үшін бензин шашқан азаматтарға сот 333 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу туралы шешім шығарды”, — дейді Эльмира Ешниязова.

Нұрәлінің анасы Айгүл Смағұлова бұл оқиғаны есіне алған сайын, көзіне еріксіз жас алады. Ол баласының тезірек жазылып, денесінің қайтадан бұрынғы қалпына келгенін қалайды. Себебі, Нұрәліден жиіркеніп, оған ауыр сөздер айтатын балалардың іс-әрекеттері оның жанына батады:

“Шетелге шығып, емделсек деген арманымыз бар. Біз әлеуметтік желіге шыққан соң, Зағипа Балиева хабарласып, Қазақстанға Америкадан 80 балаға ота жасау үшін дәрігерлердің келгенін айтты. Бізді тегін тексеріліп кетуге шақырды. Америкалық дәрігерлер бір жылда балаға 9 рет ота жасау дұрыс емес екендігін түсіндірді. Ол өте көп. Жетілмеген ағзаның үсті-үстіне ота жасай беруге болмайтынын білмедік. Дәрігерлер Нұрәлінің денесі бір жыл демалуы керектігін ескерді. “Бір жылдан соң көрерміз, мүмкін денесіне жасанды тері, құлақ алып келерміз” деп баламды суретке түсіріп алды. Денсаулығы жақсарады деп үш екпе салды”, — дейді Нұрәлінің анасы.

Айгүл Смағұлова америкалық дәрігерлердің жауабын күтіп отырғысы келмейді. Әлеуметтік желілерден жиналған ақшаға, Нұрәліні Қытай немесе Оңтүстік Кореяға алып барып емдеткісі келеді.

Баланың өміріне бейжай қарамай, көмек көрсеткен Эльмира Ешниязова  Нұрәлінің еміне ақша жинай бастағанда баланың анасы алаяқтардың айласына түсіп те қалғанын айтып берді:

“Биыл ораза айының кезінде Нұрәлінің анасы Айгүл инстаграмнан “үйден шықпай желілік маркетинг арқылы ақша табуға болады” деген парақшаны көріп, оны жүргізетін Жамал есімді әйелден жұмыс сұрайды. Сосын сол әйелге басынан өткен оқиғасын, баласының ауыр хәлде жатқанын айтып береді. Жамал болса оған, әлеуметтік желілерге баланың суретін салып, халықтан ақша жинау жөнінде ұсыныс тастайды. Айгүлдің келісімін алған соң, Жамал инстаграмға Нұрәлінің суреттерін салып, өз атынан есепшот ашқан.  Сөйтіп адамдардың бала еміне аударған ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған”, — дейді ол

Нұрәлінің анасы болса Жамал Берікованың сөзіне сеніп жүре берген:

«Айгүлді баласымен Астанаға шақырдым. Ол бас қаламызға келгенде мен өз жұмыстарыммен Қарағанды қаласында жүрген едім. Бірақ ел ордасына кайтып келгеннен кейін, уақытты жоғалтпай, Айгүлді алдым да “Каспий” банкке барып, оған жеке шот ашқыздым. Қателеспесем, күндізгі сағат үште карта ашқыздық, ал кешке Айгүлдің шотына 400 мың теңге ақша түсті.

Бір кезде кешкі сағат сегіздің кезінде менің оқырмандарым маған: “Эльмира тәте, балаға ақшаны кімнің шотына аударамыз? Мына жерде Жамал Берікованың шотына салыңдар деп көрсетіліп тұр ғой” деп жазып қоймай қойды. “Айгүлге салыңдар” деп ұрыстым. Олар болса маған жаңағы Жамалдың әлеуметтік желіде ақша жинауға арналған парақшасына сілтеме жіберді. Сол әйелдің іс-әрекетін көріп ашулындым. Ол біздің Айгүлдің атына шот ашқанымызды біліп отырып, өзінің парақшасына “Жамал Берікованың картасына ақша сал” деп реквизиттерін көрсетіп қойған.  Осыдан кейін оған “парақшаңа өзіңнің емес, Айгүлдің реквизиттерін сал” деп ұрысып тастадым. Сосын ол маған қоңырау шалып, қателесіп қалғанын айтты.

Мен оқырмандарыма Нұрәлінің анасының өз картасы, шоты бар екенін түсіндірдім. Бірақ түнгі бір жарымда адамдар менен қайтадан “Эльмира тәте, ақшаны кімге саламыз?”  деп сұрады. Жамалдың инстаграмында “Нұрәліге көмектесейік” деген алты парақшасы бар екен. Осылай ол баланың арқасында халықтан 733 мың теңге жинап алған. Мен талап еткен соң ол маған банк шотынан үзінді көшірмесін алып келді. Көшірмеде Жамалдың 511 мың теңгені,  сосын 100 мың теңгені бір шешіп алғаны көрсетулі тұр. Бірақ ол ақшаны Нұрәлінің анасына мүлдем бермеген. Ақырында Жамал Берікованың соңынан қалмай, оны алаяқтық әрекеттері үшін сотқа беретінімді айтып, 733 мың теңгені қайтартқыздым. Мен парақшама оның “Халықтың ақшасын өз пайдама жұмсадым” деп айтқанын видеоға түсіріп салып жіберген соң, халық ол әйелді қатты сынның астына алды. Сосын Жамал ісіне ұялып, халықтан кешірім сұрап, ақшаны қайтарды”, — дейді ол.

 

Балаға көмек көрсетемін десеңіз, ақшаны төменде көрсетілген есеп шоттарға аудара аласыз:

Kaspi Gold: 5169-4931-9671-9580

ИИН: 760-710-402-703 — Айгүл Рысбековна (Нұрәлінің анасы)

Halyk Bank: 4402-5701-0337-3997

 

Талқылау