Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 немере, 40 шөбере": Нұрлан Өнербаев анасының туған күніне әсерлі жазба жариялады

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев анасының туған күнінде ерекше жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/onerbay_nurlan/

Өнер иесін дүниеге әкелген батыр ана 83 жасқа толып отыр. 

“Менің анам 100 жасайды! Бүгін – анамның туған күні. Жасы 83-ке келді. Кеше бүкіл баласы, немересі, шөбересі жиналып анамызға, біздің бағымызға "100 жасаңыз" деп тілек тіледік. 1959 жылы (65 жыл бұрын) ақпанда Өнербай әулетіне келін болып түсіп, бүгінде осы әулеттің ең үлкен батагөй анасына айналып отыр. Ата-ененің алдын көрді, қызметін жасап, батасына кенелді. Ағайынның көңілін тапты,әулеттің мақтаулы келіні болды. Көрші-қолаңға ақ көңіл, кең пейілін көрсетіп, ауылдың сыйлы кейуанасы атанды. Құдай қосқан жарына адалдығын сақтап, отбасының отын 60 жылға жуық бірге жақты. 10 перзентке өмір сыйлап, шаңырақты шаттыққа бөледі. Отызға жуық немере мен қырыққа жуық шөбереге аяулы әже болды", – деп жазды әнші.



Сонымен қатар өнер иесі анасының ерекше қасиетіне де тоқталып, әлі күнге дейін сүйсініп жейтін асын атады.

“Әжесінің батасын алған немере келіндер мен немере қыздары, біз де әжеміздей алтын алқалы боламыз деп, бірінен соң бірі кезекте тұр. Ал анамыздың бұл күндегі ең жақсы көретін асы – шөберелерінің алақанынан май жалау. Әлі де жалай беремін дейді. Әумин, Алла тілегін берсін. Өсірген ұл-қыздары бүгінде ел құрметіне бөленіп, анасын "Алтын құрсақты ана" деген құрметке бөледі. Елі құрметтеп төсіне алтыннан алқа тағып, "Батыр Ана" деп марапаттады. Анамыздың айтуынша, жас күнінде ауыл үлкендерінен, ата-енелерінен, алдыңғы абысындарынан естіген ең көп тілек, батасы "Жүз жаса, айналайын!" екен. Біз де анамызға бүгінгі туған күнінде "жүз жасаңыз" деп тілек тілейміз!" – дейді ол. 

 

Талқылау