Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркиядан келген маманды Қазақстандағы адамдардың аздығы таңғалдырды

Әлемде екі минут сайын бес жасқа толмаған бала санитарияның жоқтығынан және лас судан пайда болған аурулардан көз жұмады. Өкінішке орай, гигиена мәселесіне келгенде біздің елімізде де балалар үшін қолайлы жағдайлар толықтай жасалмаған.

Бүгінгі күні Қазақстанда дәретхана мәселесі өзекті проблемалардың біріне айналған десек, артық айтқанымыз емес. Осыған қатысты Unilever Түркия компаниясының бренд-менеджері Мерве Этик (Merve Etik) Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне таза дәретхананың бала өміріндегі маңызын және балаға тазалық туралы тәрбиені қанша жастан бастап беру керектігін айтып берді.

Мерве, Қазақстанға алғаш келгенде еліміз сізге қандай әсер қалдырды?

Мен негізі әр ай сайын Түркиядан Қазақстанға бес күнге келіп тұрамын. Қазақстанға алғаш рет келгенде мені Ыстамбұлмен салыстырғанда мұндағы адамдардың аздығы таңғалдырды. Көзім Түркиядағы топырлаған адамдарға үйреніп қалған ғой. Бірақ маған Қазақстанның табиғаты, керемет таулары, жалпы мемлекеттің өзі өте ұнайды. Сосын тағамдарға келер болсақ, мұнда еттің дәмі басқаша. Кәуап, манты сүйікті тағамдарымның қатарында. Оливье салатының дәмі де Қазақстанда өзгеше, дәмді.

Компания алғаш рет өз жұмысын бастағанда қиындықтар болды ма? Қазақстандықтар түсініспеушілік танытты ма?

Басынан бастап оңай болған жоқ. Себебі, ешкім өзі тазалап жүрген дәретхананың таза емес екеніне сенбейді. Адамдарға олардың таза деп санап жүргендері тазалық үшін жеткіліксіз екенін түсіндіру қиынға соқты. Бірақ нәтижесінде біз барлық кедергілерден өтіп шықтық. Қарапайым тұтынушымен салыстырғанда маман ретінде тазалық туралы көбірек ақпаратты білген соң, мақсатымызға жеттік.

Бұл проблема тек қазақстандық емес, күллі жаһандық. Өйткені, әлемдегі адамдардың көпшілігі таза дәретханаға қол жеткізе алмайды. Қазақстанда бағдарлама үш жыл көлемінде жұмыс істейді және алдында тұрған үлкен мақсатына жетуге ұмтылады. Біз “гигиена деген не?” “оны не үшін сақтау керек?” деген тақырыптарда балалар мен олардың ата-аналарына тренингтер мен семинарлар өткіздік.

Мерве, ата-ана дәретхананы дұрыс пайдалануды, ондағы тазалықты сақтауды баласына қанша жастан бастап үйретуі керек?

Кішкентай кезінен, 4-5 жастан бастап үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Себебі, балалар үлкендерге қарағанда тез үйренеді. Тазалық — денсаулықтың кепілі екенін айту, дәретхананы таза ұстау — әр ата-ананың міндеті.

Мектептегі гигиеналық сауаттылықты арттыруға, оқушыларға дәретхананы дұрыс пайдалануды үйретуге бағытталған бағдарлама тағы да әлемнің қандай елдерінде жұмыс істейді?

Бағдарлама отыздан аса мемлекетте бар. Әлемде таза дәретхана туралы түсінігі жоқ кедей елдер бар. Сондықтан бағдарлама өңірлерге дәретханаларды салып беруге бағытталған. Қазақстанда оның мәні кішкене өзгертіліп, тазалық, дәретханадағы гигиена тақырыптарына ауысты. Жалпы, Қазақстан, Германия, Индияда бағдарламаның жұмысы әртүрлі. Себебі, мемлекеттердің сұраныстары бір-бірінен ерекшеленеді.

Талқылау