Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

21 жастағы әйел: Дәрігерлердің немқұрайлылығынан көп балалы ана атану арманымнан айырылдым

21 жастағы келіншек  дәрігерлердің кесірінен жатырынан айырылдым деп отыр. Оның сөзінше босанғаннан кейін өзін дұрыс тексермеген дәрігерлер «бәрі жақсы» деп үйіне қайтарып жіберген. Екі күннен кейін ыстығы көтеріліп жедел жәрдеммен босанған перзентханаға қайта келген. Тура сол кез 31-ші желтоқсан яғни мереке алдындағы күн болғандықтан перзентханада  тек кезекші гинекологтар жайсыз сезіну белгілерін тыңдап, дәрі жазып әйелді тағы үйіне қайтарып жіберген.

роды

Осыдан кейін бірнеше күн өткенде әйел өзін қатты нашар сезініп тағы да жедел жәрдеммен сол перзентханаға жеткізіледі.  Дәрігерлер оның «бүйрегі дұрыс жұмыс істемей жатыр» деп  дереу ауруханаға жатқызатындарын айтқан.

Ал жаңадан туған бала  туыстарымен бірге үйге қайтарылады. Төртінші күні таң азанмен жансақтау бөлімінде жатқан  науқастың туыстарын шақыртқан дәрігерлер оған жедел ота жасамаса  жатырындағы ірің жүрегі мен өкпесіне өтетінін түсіндірген. Амалы құрыған келіншектің анасы мен күйеуі жатырын алып тастауға рұқсат етіп, қолдарын қойып береді.

Енді  жатырынан айырылған әйелдің күйеуі мен туыстары осындай қайғыны дәрігерлер қолмен жасап берді деп есептейді.

«Олар үш күн бойы әйелім жансақтау бөлімінде жатқан кезде оның «бүйрегін емдеп жатырмыз» деп алдады. Кездестірмеді, ақыры оның өмірі қыл үстінде тұрған сәтте барып бізге хабарласып, «отамен жатырын алмасақ болмайды» деп шындықты айтты. Үш күн бойы дәрігерлер өз жұмыстарына адал қараған болса  шын диагнозды неге жасырады?»,- деп күйінеді 23 жастағы әйелдің күйеуі.

Тіпті бұл отбасындағылар тура қазір прокуратура мен сотқа шағым түсіруге де қорқып отырғандарын жасырмайды. Себебі, дәрігерлердің жүктілік тарихы туралы қағазды өздеріне ыңғайлы етіп түзетіп тастағанына сенімді.  Дегенмен әділдіктің ізіне түссе әйел жүкті кезде тіркеуде болған дәрігерлер оның денсаулығына қатысты бар шындықты айтары анық деген сенімде.

Екінші себебі, өздері Алматыдағы арзан ауданнан пәтер жалдап күн көріп жүрген жас отбасының істі соңына дейін жеткізіп беретін заңгерге төлейтін қаржылары да жоқ. Сондықтан да Stan.kz сайты арқылы мәселелерін көмек қолын созғысы келетін адамдардың назарына ұсынуды сұрап отыр. Перзентхана нөмірі мен дәрігерлердің, өздерінің есімдерін жасырып отырған себебі де осында.

«Дәрігерлердің немқұрайлы қарағанына тағы бір дәлел нәрестенің басында ет (киста) өсіп жатыр екен. Оны туған кезде анықтап, анасына түсіндіріп перзентханадан шығарылған қағазында көрсетулері керек еді.

«Денсаулығы дұрыс» деп жазып берген. Енді ақылы дәрігерге көрсеткен кезде баланың осындай дерті шықты. Оны ертерек білсек, ертерек емдетіп, сауықтыруға кірісетін едік»,-дейді келіншектің күйеуі.

«Қызым жап жас. Тұңғышының, өзінің аман қалғанына шүкір деймін. Дегенмен ол қызға енді өмір бойына гормондық дәрі ішуге тура келеді. Қазірдің өзінде психологиялық қолдауға зәру. Әлі күнге ем қабылдап жүр.

Адамның бойынан бір ағзасын алып тастау оңай емес қой.  Қазір барлық емді ақылы алуға мәжбүр. Бізге көмек қолын созғысы келетін заңгерлер болса қуана қабыл алар едік. Өзімізде ондай білікті маманды жалдауға қаржы жоқ. Адамның өмірімен ойнаған дәрігерлердің қылығына ашынып жылағаннан артыққа бара алмай отырмыз. Ондай дәрігерлерді заңмен жазаламаса  ертеңгі күні қаншама  әйелдің өмірімен онайтынын кім білсін»,-дейді жатырынан айырылған келіншектің анасы.

Қазір келіншектің өзі  “дәрігерлер көп балалы ана атану арманымнан айырды” дегеннен басқа ештеңе айтқысы келмейді.

Бұл отбасы қазір Алматы қаласында тұрады. Көмек қолын созғысы келетін азаматтар болса мына (87024498857) телефон номеріне хабарласыңыздар. Бұл номерге келіншектің күйеуі жауап береді. Көмектесуге әзір, күдігі бар азаматтарға медициналық қағаздары мен отбасын таныстыруға дайын.

Оқи отырыңыз:

Ақтөбе дәрігерлері нәрестелерге салынатын вакцина таба алмай жатыр

Қарағандыда емделуші жігіт жүрегі тоқтап қалған тіс дәрігерін тонап кеткен

БҚО-да 17 жастағы студент дәрігерлердің көмегін күтпестен көз жұмды

Маңғыстау тұрғыны перзентханаға егіз табамын деп барып, үшеммен қайтты

 

 

Талқылау