Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

21 жастағы астаналық қыз тек отандық өнімдер сататын дүкен ашты

Астанада «Қазақстанда жасалған. Халық маркасы» деген дүкен ашылды. Онда тек қана отандық өнімдер сатылады. Оны ашқан – 21 жастағы студент Рахима Ғазизова. Іскер қыздың есімі  TOP GENERATION Group оқу орталығы арқылы да білімге құштар жастардың арасында жақсы таныс.

img_77155

Бұл туралы Ұлан газеті хабарлайды.

Жуықта Лондон университетіне (University College London) менеджмент саласы бойынша магистратурада  оқуға грант ұтып алды. Сондай-ақ, əлемнің үздік бестігіне кіретін Мадридтің бизнес университетіне емтихан тапсырып жүрген Рахима 30 мың үміткердің арасында математика бойынша үздік үштіктің қатарынан табылыпты. Біз Рахимамен арнайы жолығып, танысып қайттық.

“Қазіргі кезде ҚазҰУ-дың 4-курсында оқып жүрмін. 2-курстан бастап іскерлік жобалармен айналыса бастадым. Кəсіпкерлікке қызығатын адамдарды жинап, жетістікке жеткен жандарды шақырып, лекцияларын тыңдайтын орта қалыптастырдым. Яғни, əлеуметтік топтың lady club-ын құрдым. Оған танымал дизайнер, маркетолог, диетологтарды шақырдым. Оған қызыққан қыздардың бəрі тегін қатысты. Шақырған қонақтарым қыздарға «үй жағдайында қалай əсем болып жүруге болады немесе аз ақшамен заманауи, əдемі киінуге бола ма?»  деген сияқты кеңестер беретін. Қандай жаттығу жасап, қандай диета ұстану керектігін айтатын. Қыздардың өз-өздерін жетілдіруіне  кеңестерін аямайтын. Халида Əжіғұлова деген қазақтың мықты қызы бар.  Oxford-та оқыған. БҰҰ-да жұмыс істеген. Халиданың лекциясы арқылы талай қыздың көзқарасы, дүниетанымы өзгерді”, – деп дүкен иесі кәсібінің сырын ашты.

Ол 2-курста халықаралық  IELTS емтиханына дайындала бастаған. Дайындық барысында өздігінен оқып жүрген бағдарламамның тиімді екенін түсініп, көз жеткізіпті. Тап сол кезде жақсы бір іскер қызды жолықтырып қалып, екеуі ақылдасып, IELTS-қа дайындайтын оқу орталығын ашуды ұйғарған. TOP GENERATION Group деген оқу орталығы арқылы өзінің жеке кəсібін бастаған.

“Бұған дейін істеген шаруаларымды, яғни кəсіпкерлермен ой бөлісу жұмыстарын өзім үшін тегін ұйымдастырып тұрдым. Бірдеңе үйренейін дедім. TOP GENERATION Group арқылы табыс таба бастадым. Ақша табу, адамдарды ұйымдастырып, басқару оңай емес, əрине. Маған бəрі қызықты болды. 2015 жыл аяқталарда өткеніме есеп берсем, білім саласында біршама шаруалар жасаған екенмін. Жастарға тегін шеберлік сабақтарын да жиі өткіздім. Ауылдан келген қыздарға қатты көмектескім келді. Олардың қалалық қыздарға қарағанда мүмкіндіктері аз. Шет тілдерін жақсы меңгермеген, IELTS-тың не екенін біле бермейді. Ауылдың қыздары қаланың қыздарындай өздеріне үлкен мақсат қоя алмайды. Мысалы, мен де Семейден келдім. Семейде жүргенде, ҚазҰУ-ға оқуға түсу мен үшін үлкен жетістік болатын”, – дейді Рахима.

Алматыға келгенде қала қыздары үшін ҚазҰУ-ға түсуі үлкен жетістік емес екенін, олардың одан да мықты оқу орындарына түсуге ұмтылатынын түсінген қыз өз басынан өткен проблеманы TOP GENERATION Group арқылы жүзеге асырғысы келген. Ол жағынан, аз да болса, мақсатым орындалған сияқты.

“Адам бір жетістікке жетсе, тоқтап қалмау керек. Үнемі ізденіс үстінде жүрген жақсы. Жазғы демалыста Астанаға барған болатынмын. Ата-анам сонда тұрады. Астанада əртүрлі адамдармен кездестім. IT жобамен, мемлекеттік басқарумен, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысатын адамдармен сөйлестім. Сонда біздің ішкі саудамыздың ахуалы мəз емес екенін аңғардым. «Өзіміздің экономикамызды көтеру үшін не істеуге болады?» деп ойландым. Елімізде отандық азық-түліктерді ғана сататын дүкен жоқ екені белгілі. Көп ойланбай, осы істі қолға алуға тəуекел еттім. Бұл Елбасымыздың да тапсырмасы болатын. Бірақ, маған дейін оны ешкім орындай қоймапты”, – дейді жас кәсіпкер.

Дүкенде азық-түліктің бəрі бар. Ет, сүт, ұн өнімдерінің барлығын табасыз. Балық, жүгері, бұршақ консервілері де өзімізден шығады. Шашқа арналған сусабын, бальзам, жуынатын гель, сабындар бар. Барлығы да сапалы, əдемі қапталған. Иістері де сантүрлі. Рахима өкінішке қарай, біз өзімізде өндіріліп жатқан тауарларды біле бермейтінін айтады .

“Өйткені, бізде маркетинг дұрыс жұмыс істемейді. Сондықтан осы проблеманы шешуге септігін тигізгісі келеді. «Эвита», «Аврора» деген сияқты косметикалық өнімдер шығарылып жатыр елімізде. Сапасы жоғары. Қымбат та емес. Шетелдің қымбат косметикаларын сатып алғанша, отандық таза өнімдерді неге тұтынбасқа? Ақшаны желге ұшырмай, өзіміздегі барды бағалауымыз  керек”, -дейді Рахима.

Жіберіп алмаңыз:

Астанада тек отандық киім үлгілері ғана сатылатын мультибрендтік дүкен ашылды

Қазақстанда тек отандық азық-түлікті сататын дүкен ашылды (фото)

Талқылау