2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қалай өзгереді
Қазақстанда төрт мемлекеттік органда әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер үшін еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі енгізілді.
Қаңтар айында осы органдардың қызметкерлеріне жалақы жаңа жүйе бойынша есептеледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Бүгінде мемлекеттік қызметкердің еңбекақысы екі критерийге – еңбек өтілі мен атқаратын лауазым санатына тәуелді. Ал қызметкер орындайтын жұмыстың қиындығы мен тиімділігі ескерілмейді. Сыйақы түріндегі ынталандыратын төлемдер бәріне бірдей төленеді. Бұл жүйе 14 жылдан астам қолданыста, еш өзгеріске ұшырамады. Еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесінің басты ерекшелігі – ол мемлекеттік қызметкерге жүктелген міндеттер мен жұмыс нәтижелігін ескереді”, — деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Шаимованың айтуынша, жаңа жүйе орталық пен өңірлер арасындағы еңбекақының айырмасын қысқартады.
“Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің 90 пайызға тартасы жергілікті жерлерде жұмыс істейді. Олардың жалақысы мен министрлік қызметкерлерінің еңбекақысында едәуір айырмашылық бар. Мәселен, облыс әкімдігі аппаратының бас маманы орталықтағы бас сарапшыдан 70 пайызға аз алады. Ал жаңа тетік енгізілгеннен кейін, біз бұл айырмашылықты 10 пайызға дейін азайтамыз”, — деп түсіндірді ол.
Төраға орынбасарының сөзіне сүйенсек, еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі биылдан бастап төрт мемлекеттік органда пилотты режимде іске қосылған. Сынаққа Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, әділет министрлігі, Астана және Маңғыстау облысының әкімдіктері қатысып отыр. Аталған мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жалақы қаңтар айында жаңа жүйе бойынша төленеді.
“Жаңа жүйе бойынша өңірлерде еңбекақы мөлшері едәуір көтеріледі деп болжанып отыр. Мәселен, облыстық деңгейде төмен лауазымдағы ең төменгі жалақы 62 мыңнан 117 мың теңгеге дейін өседі. Бұл жерде облыс әкімдігінің жетекші мамандарының деңгейі туралы айтылып отыр. Орталықта 84 мыңнан 136 мың теңгеге дейін артады. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа жүйені республика аумағында енгізу мерзімі туралы шешім қабылданады”, — деп түйіндеді ол.
Тағы да оқыңыз:
Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге мереке сайын сыйақы төленбейді
Қорғаныс министрлігі кімдердің әскери борышын өтемеуге болатынын айтты
Еліміздің барлық мешітінде жұма намазында өрттен қаза болған өзбектерге дұға жасалады