Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлерге төленетін сыйақы 4 лауазымдық еңбекақыдан кем болмайды

Жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге мереке сайын сыйақы төленбейді. Есесіне жыл соңында 4 лауазымдық еңбекақыдан кем емес көлемде бонус төленеді.

Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Осыған дейін әр мереке сайын мемлекеттік қызметкерлер тең көлемде сыйақы алатын. Енді бонус жүйесі аясында сыйақы төленбейді. Біз біртіндеп бұл жүйеден кетеміз. Мемлекет басшысы өнімді еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру туралы нақты тапсырма берген болатын. Яғни бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер атқарған жұмысына қарай жалақы алады”, — деді ол.

Шаимованың айтуынша, бонус нәтижелі жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлерге төленеді.

“Бонус тек тиімді жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлерге олардың жұмысын бағалау нәтижесі бойынша белгіленеді. Жаңа әдістеме бойынша мемлекеттік қызметкерлердің қызметін бағалау жылына бір рет, яғни желтоқсан айында жүргізіледі. Соның қорытындысы бойынша осы айда бонус төленеді. Болжам бойынша бонус көлемі 4 лауазымдық еңбекақыдан кем болмайды деп жоспарланып отыр”, — деді ол.

Шаимованың сөзіне сүйенсек, бонус қоры мемлекеттік органның қаншалықты нәтижелі жұмыс істегеніне байланысты қалыптасады. Яғни, егер мемлекеттік орган алдына қойылған міндеттерді орындаса, тиісінше бонус толық көлемде төленеді. Егер жұмыста кемшін тұстар байқалып, қандай да бір міндет орындалмаса, бонус қоры түзетіліп, тиісті көлемде қысқартылады.

Тағы да оқыңыз:

Қорғаныс министрлігі кімдердің әскери борышын өтемеуге болатынын айтты

Еліміздің барлық мешітінде жұма намазында өрттен қаза болған өзбектерге дұға жасалады

Қорғаныс министрлігі кімдердің әскери борышын өтемеуге болатынын айтты

Талқылау