Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200-ден астам қойды айдап әкетті: Ашынған тұрғындар барымташылардан көрген қорлығын айтып шағымданды

Ақмола облысына қарасты Ақсуат ауылының тұрғындарына барымташылар тыныштық бермей келеді. Әр жылда жылқы мен сиыр ұрлайтындар былтыр күзде 200-ден астам қойды бір түннің ішінде айдап әкеткен. Олардан әбден теперіш көрген жұрт, жергілікті полицейлердің жұмысына наразы. Өйткені, осы уақытқа дейін бірде-бір мал табылмапты, күдіктілер де анықталмаған.

200-ден астам қойды айдап әкетті: Ақмола облысының тұрғындары барымташылардан көрген қорлығын айтып шағымданды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ақсуат ауылының тұрғыны Есдәулет ағаның екі ай бұрын қора толы, мыңғырған мал болған. Алайда, бар айла-тәсілін салған әккі барымташылар он емес, жиырма емес, тіпті екі жүзден астам қойды бір түннің ішінде айдап әкеткен. Содан бері қора қаңырап бос тұр.

Ақсуат ауылына қарасты «Целинный» бөлімшесінде өлместің күнін кешіп отырған бес-ақ отбасы бар. Мал асырап жан бағып отырған әулетке барымташылар қырғидай тиюде. Байлаулы тұрған аша тұяқтыларды айдап әкетіп, сатып кәсіп еткен пысықайлар 4 жылда әлеуметтің төрт түлігін тауысып тыныпты.

«2015-те бізден 15 бас қара мал жоғалды сиыр. Ал, 2016 жылы 16 бас жылқымыз кетті. 2017 жыл екі бас сиырымызды алып кетті осы қорадан. Ал, 2018 жылы 200 бас қорамнан қой кетті. Одан полицияға бардық, анда бардық, мында бардық, ешқандай нәтиже жоқ», – дейді Ақсуат аылының тұрғыны Есдәулет Сләм.

Ішер асынан, мінер көлігінен айырылған тұрғындар кімге барып шағымданарын білмей дал. Себебі, ауылдан шалғайда орналасқан аудан орталығындағы тәртіп сақшылары шақырса келмейді. Келген күннің өзінде, «жоғалған малды іздеу үшін, көлігімізге бензин құйып беріңдер» деген талап қоятын көрінеді.

«Жоғалған малымызды полиция келіп іздейтін болса, оған бензин құйып береміз. Қалтамыздан ақша шығарып. Оған шығарып беретін ақшамыз жоқ. Басында шығарып беріп беріп ақшамыз таусылды», – дейді Ақсуат ауылының тұрғыны Жұмагелді Шәтән.

Бүгінгі таңда ауылда төрт-түлік некен-саяқ. Бірді екілі барымташылардан аман қалған жылқы мен ұсақ малды кездестіруге болады. Оның өзін жұрт қорасын кірпік қақпай күзетіп амалдап жүр. Ашынған тұрғындар әбден дәніккен ұрылар осының өзін айдап әкетуден тайынбайды дейді.

«Сауып, жан сақтап отырған 4 құлынды биені алып кетті. Арқандап қойған жерінен. Сағат 10-да арқандағам, таңертең 6 жарымда барсам орнында жоқ. Ереументаудан келді кісілер. Полицейлер: «Табамыз, сен ешқайда барма. Кім ұрлағанын білеміз, жұмыстар жүріп жатыр», – деді. Енді міне екі жыл болды, әлі жоқ», – дейді Ақсуат ауылының тұрғыны Нұрбол Бимұрат.

Мәселенің анық-қанығын білмек болып, ауылдан 70 шақырым жерде орналасқан Ерейментау қаласына арнайы ат басын бұрдық. Мұндағы мал ұрлығымен жақсы таныс полицейлер іс тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Алайда, камера алдында жауап беруден бас тартты.

«Өткен жылдың 25 қазанында полиция бөліміне Ақсуат ауылының тұрғындарынан мал ұрлығы жөнінде шағым келіп түсті. Біздің жергілікті тәртіп сақшылары ақпарды алысымен шұғыл топ құрып, төңіректі тексеріп шықты. Аталған іс Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сараланып, сотқа дейінгі тергеп- тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, Ерейментау мен Астана қалаларындағы ет өткізу бекеттері жіті бақылауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», – дейді Ақмола облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Әсем Әбдірахманова.

Бар малынан айырылған тұрғындар қалған бір екі қойын талғажу етіп, жан бағып келеді. Енді, әбден үрейленген жұрт барымташылардың жолын аңдумен күн кешуде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау