"20 жыл су бармаған": Қазақстандағы тасқын су қайда жіберілетіні белгілі болды
Ресейден келген тасқын суының 80 миллион текше метрі Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Ресейден келген тасқын суы Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді. Бұл көлдерге кейінгі 20 жыл бойы су бармаған. Тасқын суын көлдер жүйесіне жіберу жұмысын жергілікті "Қазсушар" филиалының мамандары жүргізіп жатыр. Қамыс-Самар көлдері – киіктер мен басқа да жануарлардың көшу жолындағы табиғи суат көзі.
Батыс Қазақстан облысындағы судың негізгі көзі – Жайық өзені. Аталған өзен арқылы келген тасқын суы су ресурстары және ирригация министрлігінің "Қазсушар" мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінде жиналады.
“Сонымен қатар "Қазсушар" мамандары кейінгі жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жібере бастады. Сондай-ақ Балқаш көліне, Каспий теңізіне су жіберу жұмысы жалғасып жатыр", – деді су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Бұған дейін ақтаулық блогер су тасқынынан соң Каспий теңізінің толыға бастағанын айтқан еді.