2 жасар сәбидің ауыруына себепші болған терапевт Қазақстанның өзге өңірлерінде жұмысын жалғастырып жүр
Павлодарда 2 жастағы Кәрім Тәңірбергенов балақай бір жылдан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатыр. Ал, оның дертіне себепші болған дәрігер жұмысын жалғастыруда.
Нақтырақ айтсақ 2 жастағы Кәрім Тәңірбергенов 475 күннен бері өмір мен өлімнің арасында. Ауруханаға сәби мануалды терапевттің қабылдауынан кейін түскен. Ол маман баланың омыртқасына зақым келтірген. Перзентінің жағдайына алаңдаған ата-анасы шетелде емделуге қаражат жинап жүргенде, бөбекке массаж жасаған маман емін-еркін жұмысын жалғастырып жүр екен. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Соңғы бір жарым жылдан бері Павлодар қаласының тұрғыны Гүлмира Жанайдарова өз перзентін аман алып қалу үшін күресіп келеді. Ұлы 7 айлық кезінде емдету үшін жеке мануалды дәрігердің қабылдауына жазылған. Сол барғаны отбасы үшін орны толмас қасіретке алып келді.
"Ол баламды қарап шығып, мойын бөлігінде туа біткен жарақат бар деді. Кәрімді қолына алып өзінің ем-домын жүргізе бастады. Уқалау кезінде баламның денесінің қатты сытыры естілді. Сол емнен кейін, перзентімнің жағдайы бірте-бірте нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтық", - деді баланың анасы Гүлмира Жанайдарова.
Баланы мұқият тексеруден өткізген ақ халаттылар жеті айлық Кәрімнің желке бөлігіндегі екі омыртқаның ұсақталып сынғанын, әрі қатпаған сүйек орнынан жылжып кеткенін анықтаған. Мұны көрген дәрігерлер балақайдың мұндай дәрежеге қалай жеткеніне таң қалып отыр. Олар жағдайы сәт сайын нашарлаған бүлдіршінді дереу жансақтау бөліміне жатқызған. Жасанды ауа жеткізгіш құрылғымен дем алып жатқан бүлдіршін 16 айдан бері өліммен күресіп келеді.
Ата-анасының үмітін оятқан күрделі отаны жасауға ресейлік мамандар ниетті болып отыр. Бірақ, Кәрімнің денсаулығы нашар болуына байланысты, оны ұзақ уақыт қаладан шығаруға мүмкіндік болмапты. Тек, бүгін дәрігерлер санитарлық авиациямен балақайды елордалық нейрохирургия орталығына жеткізді. Болжам бойынша сол жерде ота жасалады екен. Ал, сәбиді мұндай жағдайға түсірген терапевт әлі бостандықта жүр.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен қылмыстық кодекстің 317-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүрізілуде. Тергеу барысында қосымша сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Қолда бар ақпарға сүйенсек, Екібастұз қаласындағы қонақ үйлердің бірінде қабылдау жүргізген маман өз жұмысын Қазақстанның басқа да өңірлерінде жалғастырып жүр.
467 күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан сәбиге Нұр-Сұлтанда ота жасалмақ.