Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 миллиард 200 миллион қайтарған Ахметовтен Қарағанды әкімі ақша өндірмек

Осыған дейін мемлекеттен жымқырды деген 2 миллиард 200 миллион теңгені қазынаға қайтарған Серік Ахметовтен енді Қарағанды қаласының әкімі ақша өндірмек.

image

Фото: mgorod.kz

Бұл туралы “31 арна” хабарлайды.

Нұрлан Әубәкіров қылмыстық істе бірнеше рет қайталанған «Горсвет» эпизоды бойынша келтірілген материалдық шығын ретінде экс-премьер министр мен облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтен 202 миллион теңге талап етуде.

Серік Ахметов, Бауыржан Әбдішев, Мұхтар Адамбеков пен Айдос Жакеновтен қомақты соманы өндіру туралы арызды Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров тергеу басталғанда-ақ түсіріпті. Бірақ атышулы істі қараған судья Исламхан Есенбаев тек қылмыстық істермен ғана айналысатындықтан, азаматтық болып саналатын арызды кейінге шегерген екен.

Сондай-ақ «ЕвроСтандартҚарағанды» жауапкершлігі шектеулі серіктестігінің эпизоды бойынша Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен оның қол астындағылардан “Мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар” басқармасы мемлекеттік кәсіпорны да 3 миллион 636 мың теңге өндіруді талап етуде.

Айта кету керек, әуелі он жылға сотталып, кейін жазасы екі жылы қысқарған Серік Ахметов осыған дейін үкіметке 2 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі шығынды қайтарған болатын. Енді экс-премьер министр Серік Ахметовке қатысты екі бірдей арыз сотпен қаралатын болады.

“Қарағанды қаласының әкімінен Серік Ахметовке қатысты азаматтық талап арызы сәуірдің 25 күні түскен болатын. Көшірмелер сотталғандар жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелеріне жіберілді. Алғашқы сот отырысын мамырдың 19-на белгіледік”, – дейді Қарағанды облыстық соты ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Гүлбаршын Жітікова.


Оқи отырыңыз:

Түрмеден босатуды сұраған Серік Ахметов өкінетінін айтты

Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылды

 

Талқылау