Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйлердің көше жақ бетін ғана сырлаған Қызылорда билігі күлкіге қалды

Қаладағы көпқабатты үйлерді сәндемек болған шаһар билігі ғимараттардың сыртқы бетін сырлап, екінші жағын сол күйі қалдырған. Ел аузында “кемпірқосақ” атала бастаған нысандарды қала басшылығы кәсіпкерлердің қаржысына жөндеген.

Абай даңғылы бойындағы мына көпқабатты үйдің бояуы сіңгеніне 1 айдың жүзі болған. Бірақ, қозғалысқа толы көше беттен аулаға кірсеңіз, үйдің су жаңа бейнесі ғайып болады. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік деген шенділер үйдің бір-ақ бетін сырлауға қаражат бөлген сыңайлы. Себебі мына көріністен ішкі бетке сырлау түгілі, әрлеу жұмыстары да жүргізілмегенін байқауға болады, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Байырғы қала тұрғыны Раушан Әбілдаеваның қала билігіне өкпесі қара қазандай. Жөндеу жұмыстары кезінде құрылысшылар тұрғын үйдің шатырын сындырып кеткен. Қазір жаңбыр жауса пәтерлерге төбеден су сорғалайды.

«Күрделі ремонт жүргізгеніне бір апта болды. Сыйқысы мынау. Төбемізден су ағып жатыр. 5-этаждан 4-этажға дейін, 4-тен 3-ке дейін. Тек сыртын ғана көше бетін сырлап кетті. Одан кейін басқа ешқандай жұмыс істеген жоқ» – дейді қала тұрғыны Раушан Әбілдаева.

Қыруар қаржыны игеру үшін осылай көзбояушылық жасаған Қызылорда билігі тек орталық көшелердегі көпқабатты үйлерді жөндеген сыңай танытқан. Шаһардың сән-сәулетін үйлестірмек болған бастамадан кейін қаланың сиқы кетті деп ашуланып отыр тұрғындар.

«Біздің қаланың орталық көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Бірақ бір-ақ бетін әдемілейді. Неге екені маған түсініксіз? Сол жасап жатқан кісілер пысық болуы мүмкін. Және қалалық па облыстық па бюджеттің ақшасы солай бөліне ма екен?» – дейді қала тұрғыны Кенже Жүнісқызы.

«Показуха ғой. Сол ғой себебі. Барлығын жөндеу керек қой жөндегесін» – дейді қала тұрғыны Махмұд Әшімов.

Қала әкімдігі болса бұл жайтты өздерінше түсіндіреді. Жергілікті шенділер мұнын барлығы демеушілердің қаражатына жасалған жұмыс екендігін айтады. Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына орай шенділер кәсіпкерлерден көмек сұрапты.

«Сол бұрынғы келбетін көрсек сұр үй, қазіргі кезде әдемі, көрікті, түрлі-түсті. Бұл тек Қызылордада емес бұл шет елдің тәжірибесі. Әрине, айта кету керек бұл үйлер 10 шақты жыл емес біраз жыл болған, сондықтан да басты мақсат 200 жылдыққа дайындықты тек қана мәдени шаралармен емес осындай түрлі жобалармен көрсету» – дейді қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

Осылайша шет ел тәжірибесіне жүгіндік деген шенділер кәсіпкерлерге алақан жайып қана қоймай мемлекеттік бағдарлама аясында 10 көпқабатты үйге де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Ал “арзанның сорпасы татымас” дегенді түсінген қызылордалықтар алдағы уақытта бұл жұмыстар өз деңгейінде өтсе екен деп тілейді.

Тағы оқыңыз: 

Ақтөбеде жалғызбасты әке бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айырып, алимент өндіріп алмақшы

Сағадиев Шымкентте босанған 7-сынып оқушысына қатысты пікір білдірді

Астана медицина университетіндегі дау: Оқудан шығарылған студенттер не дейді

Талқылау