Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Іс сотқа жетпеді: Ақтөбеде 200-ден астам үлескер 4 жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүр

Ақтөбеде үлескерлер төрт жылдан бері баспаналарына кіре алмай жүр. Өйткені тұрғын үй құрылысы бітер емес, енді компания директорына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Тұрғын үй құрылысын аяқтамаған компания директоры алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бірақ іс сотқа жетпепті. Бір күн бұрын прокуратура жәбірленушілерге мерзімдер тағы да кейінге шегеріліп жатқанын хабарлады.

“Ісіміз сотқа жетер емес. Айыпталушы Жарасханов іспен танысуды қасақана кешіктіріп жатыр. Прокуратура 15 сәуірге дейін жұмыс кестесін белгіледі. Ол әдейі адвокаттарды ауыстыра береді. Прокуратура кестемізді тағы ұзартып жатыр. Біз келіспейміз”, – деді жәбірленуші Ғалия Қабдрахманова.

“Сафина” құрылыс компаниясына 200-ден астам үлескер ақша салған. Төрт көпқабатты үй салу жоспарланған еді. Бірақ құрылыс тоқтап қалды. Адамдар кем дегенде 9 миллион теңге салған.

Компания директоры қамауға алынды. Келесі кезекте құрылысты аяқтауға тиіс инвестор да ұсталды. Билік сот ұзақ мерзімді құрылысқа қатысты шешім шығарған бойда жұмыс бюджет есебінен аяқталады деп уәде берді. Бірақ іс сотқа жетпеді. Тұрғындар үй-жайын ойлап, күйзеліске түсіп, күте-күте мезі болғанын айтады. Олар тағы бір апта күтуге тиіс.

“Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Екі күдікті қамауға алынды. Қылмыстық іске 200-ден астам үлескер мен жәбірленуші қатысты. Қазір қылмыстық іс аяқталды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Талқылау