Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркіменстанда шенеуніктерге президент Бердімұхамедов пен оның әкесі бейнеленген сағаттарды алуды міндеттеп жатыр

Түркіменстанның батысындағы Балқан уәлаятында мемлекеттік мекеме басшыларын елдің қазіргі және бұрынғы президенттері Сердар мен Гурбангулы Бердімұхамедовтер бейнеленген сағаттарды сатып алуға мәжбүрлеп жатыр. Денсаулық сақтау, білім беру, күш құрылымдары, көлік және байланыс кәсіпорындары, аймақ басшылары да қымбат сағатты сатып алуға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: kaktus.media

Қызметі жоғары басшылар екі сурет жапсырылған 3000 манаттық (858 доллар) сағаттан алады. Ал шағын бюджет ұйымдарының жетекшілері арзан сағатқа 1500 манат төлейді.

"Мектеп директорлары мен орынбасарлары, ауыл медпункттерінің басшылары 1500 манаттық, ал құқық қорғау органдары, аурухана бас дәрігерлері және басқа да ірі мекемелердің жетекшілері 3000 манаттық сағаттан алады", – дейді жергілікті мекемеде істейтін қызметкер.

Түркіменстанда жеке басқа табыну дәстүрі баяғыдан қалыптасқан. Елде президент суреттері бар сағаттар үнемі шығарылып тұрады.

Сондай-ақ мұнда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері түрлі себеппен ақша жинауға мәжбүр. Президент кітаптарын, оның суреттерін де солар сатып алады. Осы уақытқа дейін Гурбангулы Бердімұхамедов 70-ке жуық кітап жазып тастаған. Ал оның ұлы Сердар әзірге екі кітап шығарған.

"Мына сағаттарды Қытайда тапсырыспен жасатқан, сосын оларды елге алып келіп, халықты сатып алуға мәжбүрлейді. Сағат саудасын ұлттық қауіпсіздік министрлігінің органдары арқылы бақылайды", – дейді жергілікті мектептің бірінің директоры.

Түркіменстан авторитар басқару нысанындағы ең жабық мемлекеттердің бірі саналады.

Айта кетейік, бұған дейін Түркіменстанның батыс аймақтарының билігі жергілікті тұрғындарға үйлену тойда экс-президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әндерін қосуды және шетелдік музыкадан бас тартуды міндеттеген еді. 

Талқылау