Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмбақ жағдайда қаза тапқан 7 жасар баланың анасы Бердібек Сапарбаевтан көмек сұрады

Бес ай бұрын Ақтөбе облысында құпия жағдайда қаза тапқан 7 жасар Саян Жақсылықтың анасы облыс әкіміне шағым жасап, тәртіп сақшыларының салғырттығына реніш білдірді.

тимс

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Миялы ауылының тұрғыны іске шенеуніктер араласқаннан кейін ғана, кінәлілер жазасын алады деп үміттеніп отыр.

Баланы өлтірген қылмыскердің бостандықта жүруі, ананың басқа балалары үшін де алаңдаушылығын туғызып отыр. Сол себепті ол Ақтөбе облысы әкімімен кездесу жиынына келіп, қорқынышын айтып, көмек сұрады.

Осы жылдың 27 сәуірінде 7 жасар Саян Жақсылық мектепке барар жолда жоғалып кеткен еді. Баланы тәуліктен астам уақыт іздеп, бірер күннен соң туған ата-әжесінің ауласынан полиэтиленді пакетке ораулы күйінде тапқан. Сол уақытқа дейін оның денесі ол маңнан байқалмаған.

Сараптама қызметі баланың денесіндегі жалғыз зақым – тұншықтырудан қалған із деп тұжырым жасаған.

“Бес ай бойы күттім. Қылмыстық іс бойынша ешқандай нәтиже жарияланбады. Қазір енді екінші баламның өмірі үшін қорқып жүрмін. Істі жылдам реттеу үшін сізден көмек сұраймын”, – дейді Саянның анасы Гүлмира Сейітова.

Ал жергілікті полиция қызметінің басшысы болмаса істі тезірек аяғына жеткізу үшін сот-гендік сараптама мәліметтері керек дейді. Мұндай зерттеу үшін оның айтуынша біраз уақыт керек екен.

“Біз сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Оның уақыты солай, бес айдай күту қажет. Ондай зерттеу тек Атырау мен Астанада жасалады”, – дейді Әйтеке би аудандың полиция басқармасының басшысы Ардан Ысмайылов.

Ал баланың анасы үшін ең маңыздысы оқиға туралы облыс басшысының білгені. Ол әкім егер істі қолға алса, сараптама тезірек аяқталып, іс лайықты түрде аяқталады деп үміттенеді.

“Қылмыстық істі аяқтау үшін сараптаманың қорытындысы керек. Біз жағдайды бақылауға аламыз”, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Енді бұдан былай облыс басшысы ауыл, аудан тұрғындарымен кездесуге жалғыз бармай, қасына прокурор, судья, күштік құрылымдар басшыларын да ерте баратын болды. Осылайша оқыстан тұрғындар өз жағдайлары тура айта қалса, істі жылдамырақ шешу үшін аталмыш сала мамандарының кеңесі мен көмегі өте маңызды болмақ.

Оқи отырыңыздар:

Оқушы бала “президентке хабарласып” полицейлерді қорқыта жаздады (видео)

Қазақ қызы студент кезінде туған баласын қазіргі жігітінен жасырып жүр

Талқылау