Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысының тұрғындары жаңа әкім жерімізді тартып алып, сатып жатыр деп шағымданды (видео)

Жетісу облысы, Бостан ауылының тұрғындары жаңа әкім келіп, жерімізді бермей отыр деп шағымдарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Желіде тараған видеода тұрғындар, су жаңа әкім жерді сатып, басқа біреулерге жалға беріп жатқанын айтады. Кадрлардан жиналған топ пен жаңа әкімнің сөзге келіп қалғанын байқауға болады.

“Мен сырттан келген жоқпын. Қолыңды шошаңдатпа”, – дейді әкім.

Оған жауап ретінде тұрғындар: “қалай сырттан келген жоқсың, халықты алдама”, – деп жауап қатады. 

Аталған жағдайға қатысты Кербұлақ ауданының әкімдігі жауап берді. Айтуларынша, әкімдіктің шаруашылық субъектілерінің ішкі іс-әрекеттеріне және жер үлестерін бөлу жұмыстарына араласуға құзыреті жоқ.

“2004 жылы құрылған "Бостан" өндірістік кооперативінің құрамында болған 98 үлескердің 15-і бөлініп шығып, қалған 83 шаруа қожалығы бөлінбей келісім-шарт бойынша жер үлестерін заңды түрде "Алатау Дейри" ЖШС-нің үлесіне өткізіп берген. Жер үлестері заңсыз өтті деп, Бостан ауылының тұрғындары аудандық, облыстық, тіпті, Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымданған. Алайда талап арыздары қанағаттандырылмаған. Сот шешімдері бойынша жер үлестері "Алатау Дейри" ЖШС-не заңды түрде өткендері дәлелденді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары  заңды жер пайдаланушының іс-әрекетіне кедергі жасап, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тосқауыл қойып отыр”, – деп хабарлады әкімдік.

Сондай-ақ Кербұлаұ ауданының әкімдігінің қабарлауынша, халықтың “әкім жерді таратып жатыр” деген сөзі шындыққа жанаспайды.  Аталған видеода “Алатау Дейри” ЖШС-нің меңгерушісімен болған жағдай түсірілген. Бұл жерде әкімдіктің құзыреті жоқ дейді. 

Талқылау