Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жәнібек Оспанов 4 жылдан бері өзгенің жүрегімен өмір сүруде (фото)

Бүгін Дүниежүзілік жүрек күні. Алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясы әлем бойынша жүрек күнін атап өту керек деген бастама көтерген болатын.

20160929102918

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

Кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО бұл бастаманы мақұлдап, қыркүйектің соңғы жексенбісін «жүрек күні» деп белгілеген. Бірақ, 2011 жылы 29 қыркүйек жүрек күні болып тіркелді.

Жүрек күні дегенде, есімізге 2012 жылдың жазы оралды. Сол жылдың жазында қазақ медицинасы үлкен бір белеске көтерілді. Қазақстан медицинасында алғаш рет миы жұмысын тоқтатқан адамның жүрегі басқа біреуге донор болды.

20160929101943

Болған жайтты бір еске алып өтсек, 2012 жылдың 6 тамызында Астана қаласында 46 жастағы әйел миына қан құйылып, ауруханаға түседі. Медицина тілімен айтсақ, ол «өлі адам» еді. Бірақ оның жүрегі бірқалыпты соғуын тоқтатпаған. Бұны көрген, оның үстіне Қостанай облысы, Рудный қаласының 38 жастағы тұрғыны Жәнібек Оспановқа жедел түрде жүрек ауыстыру керек екенін білетін дәрігерлер бірден тиісті шараларды қолға алады. Олар ең алдымен 46 жастағы әйелдің ұлы – Игорь Воротниковқа хабар береді.

20160929101948

«Анамның миы өлгенін хабарлап, соғып тұрған жүрегін басқа адамға ауыстырып салуға болатынын айтты. Мен әлі де болса аппаратпен оның өмірін сақтап тұруға болатын шығар деп ойладым. Алайда, бізде ондай аппарат жоқ екен. Көп ойландым. Содан науқасты көруге рұқсат берді. Ойымнан анам кетпеді. Ол адамды, оның отбасын көріп, анам бұл шешіміме қарсы болмайтынын түсіндім. Әттең, анам сол кезде ешкімнің сұрағына жауап қайта алмайтын күйде еді… әйтпесе, шешімімді қолдайтын еді. Ал қазір Жәнібекке қарап, анамның жүрегі соғып тұрғанын білемін. Кеше түнде анамның жүрегі өмір сыйлаған адамның жары өмірге қыз бала алып келді. Анамның жүрегі соғып тұрған адам болашақта тағы бір «ананы» тәрбиелейді», – деген еді сол 2012 жылы сұхбат берген Игорь.

«Елімізде 20 мыңға жуық адам донорға зәру. Ал жыл сайын Қазақстанда 15 мыңға жуық адам миына қан құйылып қайтыс болса, 3 мыңға жуық адам жол апаттарынан қаза табады. Солардың сау органдарын донорға пайдаланса, жоғарыдағы 20 мың адамның біразына біз өмір сыйлайтын едік. Игорь шынымен азаматтық жасады. Ол өмірге қайтып келмейтін анасының жүрегін донорлыққа беру арқылы бір адамның, бүйрегін алуға рұқсат беру арқылы екінші адамның өмірін аман алып қалды », – деген еді Қазақстанның дәрігерлер қауымы.

Міне, арада төрт жыл өткен соң Жәнібек Оспанов жаңа жүрек оның өмірінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын айтып отыр. Бір қызығы, Жәнібекке Игорьдың анасының жүрегін ауыстырғаннан кейін бір күннен соң Жәнібек қызды болған еді. Ал, төрт жылдан кейін Жәнібек ұлды болып отыр екен.

«Төрт жыл бұрын маған бөтен адамның жүрегін салған  еді… Қазір денсаулығым өте жақсы деуге болады. Үш ай бұрын ұлым дүниеге келді. Былтыр мен Еуропадағы достарыма барып келдім, яғни,  алыс жерлерге барып-келіп тұруға денсаулығым жарап тұр. Биыл жазда Финляндияға спорт симпозиумына бардым. Жүрегім бұның бәріне мүмкіндік беріп тұр. Қазір спорт – күнделікті серігім деуге болады. Финляндияға барғанда, Еуропаның клиникалары мен сияқты адамдар үшін спорт – қабылдайтын дәрі сияқты өте маңызды екенін ғылыми түрде дәлелдеп берді» – дейді Жәнібек денсаулығы туралы айта отырып.

Ал, анасының жүрегін донорлыққа берген Игорьмен үнемі хабарласып тұрады екен. Тіпті, туған бауырындай болып кетіпті.

«Игорьмен үнемі араласып тұрамын. Басында әрине ауыр болды… Мен бөтен қаланың ауруханасында жалғыз жаттым. Оның анасы қайтыс болды, жұмысында қиындық болды… Қазір барлық қиындық артта қалды. Игорь екеуміз үнемі араласып, отбасымыздағы  жаңалықтарды айтып отырамыз», – дейді Жәнібек.

Ал «жаңа» жүрек сіздің кеудеңізде қалай өмір сүріп жатыр?» деген сұраққа Жәнібек: «жаңа жүрек жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мен жұмыс істеймін, өмір сүремін, отбасымды өзім асыраймын. Үш ай бұрын ұлым  дүниеге келді…Міне, Игорь маған қарап, анасының жүрегі осылай соғып тұрғанына қуанады ғой. Мен ұзақ жылдар бойы ауырдым, ал Игорь анасынан айырылды. Бірақ, міне, соның соңынан бір жақсылық шығып, өмірге сәби келді. Ұлыма Әлібек деген ат бердім»-дейді Оспанов.

Ал, соңғы деректерге сүйенсек, жыл сайын әлем бойынша 17 миллион адам жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұмады екен.

Жіберіп алмаңыз:

Бангладеште түрі 80 жастағы қарттан аумайтын сәби өмірге келді

Қапшағайда жауынгер кіші сержантпен болған жанжалдан соң көз жұмды

Украиналық журналист Ким Кардашьянға шабуыл жасады (фото, видео)

Талқылау