Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңбырдан кейін қатқан мұз Ақтөбенің тіршілігін тұралатып тастады

Ақтөбені мұз басты. Бұл өңірде жауған жаңбыр сол бойы қатып қалып жатыр. Ағаштар ауыр мұздың кесірінен сынып, электр сымдары үзілген. Ал көшеде аяқ басып жүру мүмкін емес, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

г

Коммуналшылар да мұз ойып, жолға тұз сеуіп үлгермей жатыр. Көк тайғақ салдарынан қаладан шығатын бірнеше жол жабылып, тіпті кешелі бері әуежайдан ұшақ ұшпады.

Ақтөбе бір түнде мұз дәуіріне айналғандай. Толассыз жауған жаңбырдың артынан үскірік аяз тұрып қатырып тастаған. Енді көшеде біреудің сүйемелдеуінсіз жүру мүмкін емес. Көк мұзға оранған көліктерінің есігін аша алмай көптеген жүргізушілер де әуреге түсті. Тіпті мұздың салмағына шыдамаған көше бойындағы ағаштар морт сынып жатыр.

“Ертеңгісін тұрсақ мынау бәрі құлап қалған. Машиналар шыға алмады. Адамдардың үстіне құлауы мүмкін. Әне, үйдің артында жатыр бәрі құлап жатыр. Жинастырамыз бір жерге. Сосын шығару керек”, – Ақтөбе қаласының тұрғыны Жұмасейіт Елубаев.

Оқушыларының жартысы сабаққа келмеген. Әйтсе де, әзірге білім бөліміндегілер тайғаққа байланысты сабақты тоқтату туралы бұйрық шығармаған.

“Жұмысшылар бара алмай, көптеген қоғамдық көлік тоқтап жатыр. Мұның бәрі қоғамға шығын ғой, әрине. Жұмыстан кешігу, сабаққа кешігу басқа да, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрболат Қуанышұлы.

Ауа-райының қолайсыздығынан қаланың басым бөлігі жарықсыз қалды. Бұған электр сымдарының үзілуі себеп. Дегенмен оны жауапты мекемелер түске дейін реттепті. Ал көшедегі мұзды оюға үгермей жатыр.

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратының алды да нағыз мұз айдынына айналған. Бұл жерде аяққа коньки байламай-ақ сырғанай беруге болады. Мұндағы шенеуніктердің өздері бүгін жұмысқа әзер жеткенін айтып отыр.

Жол тазартуға жауапты мекеменің ауласы да көк мұз. Мұндағылар түні бойы қала көшелеріне 150 тонна тұз қосылған құм сеуіп шығыпты.

“Мұндай ауа райы болады деп ойлаған жоқпыз. Жаңбыр жауып және оның қатуы аязға байланысты. Соның алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Ақтөбе қалалық коммуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары  Жомарт Бақытгелді.

Көк мұздың кесірінен көлік апаты да көбейіпті. Сондықтан қаладан шығатын бірнеше жолда қозғалысқа шектеу қойылған. Ал әуежайдан кешелі бері ұшақ ұшуына тыйым салынды. Өйткені ұшу алаңындағы мұзды ерімей жатыр.

Талқылау