Жанар Хамитова: 5 жыл бұрын көмек сұрағанда ешкім қолдамады, әнші бола алмайсың деді
"Арнау" тобының бұрынғы әншісі Жанар Хамитова сахнаға қайта шыққысы келетінін айтты. Алайда ішкі қорқынышы басым. Оған өнердегі достары қандай ұсыныстар айтты?
Бұл туралы КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жанар біраз уақыт бұрын өзіне қолдау іздеген, алайда қол ұшын берген ешкім табылмапты. Сол себепті өнерге қайта келуге жүрексінетінін жеткізді.
Осы орайда оған өнердегі достары өз кеңесін айтты.
"Қазір тойдың заманы. Бір тойға шығып, аптасына 40-50 мың теңге таба аласың. Сенің бұрынғы атың бар. Елдің есіндесің. Соны пайдаланып, тойға шықсаң болады. Қара жұмыс істегенше, солай ән айтқаның дұрыс деп ойлаймын", - деді әнші Алтынбек Тәшімбетов.
Ал, журналист Зарина Мүсілім қазақстандық продюсерлерге өтініш айтты.
"Мені қазір Баян Мақсатқызы, Алуа Қонарова, Ерлан Алимов мені естіп отырса, осы қызға көмектессе екен. Жанар, сен өнерге келуің керек. Сенің даусың бар. Сен нағыз әнші болатын адамсың", - деді ол.
Көпшілікке Super Star жобасы арқылы танылған әнші 14 жылдан соң шоу-бизнеске қайта аяқ басты. Әзірге оның неден бастайныны белгісіз.