Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылдық Берік Пышанов құлағымен көлік сүйрейді

Жамбылдық  Берік Әбілханұлы облыстағы ерекше адам. Оның ерекшелігі құлағымен кір тасын көтеріп, көлік сүйрейді. Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны қалалық спорт мектебінде шахмат және дойбы ойындары бой­ын­ша бапкер.STAN.KZ сайтының өңірдегі тілшісі  бапкермен танысып,өнерін тамашалап қайтқан еді.

кулак2

Берік Әбілханұлының өзгелерден ерекшелігі 26 келіге дейінгі кір тастарын құлағымен көтеріп, құлағымен көлік те сүйрей береді.  Ә дегенде тісімен 10 келілік кір тасын көтеріп көрген азамат, уақыт өте келе әуелі 16, содан кейін 2  келілік кір тастарын құлағына жіп арқылы іліп көтеріп жаттығады.

кулак1

Бұл әдісі іске асқан соң көңілі көлік тартып көруге ауа бастайды. Алғашында бұл істің қаншалықты нәтижелі болатынына сенімсіз болғандықтан, ішкі ойын тіс жарып ешкімге айтпапты. Қалтасына жіптерін салып тысқа шығып көлік іздейді. Сөйтіп тасада тұрған «Жигули» автокөлігіне көзі түседі. Құлағына жіп іліп, тартып көргенде көлік алға жүріп кетпегенімен, орнынан қозғалғандай болады.

«Кейін тәуекелге бел буып  әкімшілік ғимаратының  алдында жиналған жұртшылықтың көзінше бір көлікті 3 метрге дейін құлағыммен сүйреп көрдім. Көпшілікпен қоса өзім де таң қалдым. Қазір жаттығулардың арқасында 3-5 метрге дейін тартаберемін. Жаттығулардың,дайындықтың арқасында осындай істі жасай алдым»,-дейді  Берік Әбілханұлы.

Берік Әбілханұлы өзінің ешкім қолға алып, дайындалып көрмеген  іспен айналысуына ненің түрткі болғаны жайлы баяндап берді.

«Менің осындай ерекшелікке қызығуым 17 жасымда басталды. Облыс орталығында бір орыс жігіттің  белтемірде шыр айналып көрсеткен өнеріне таң қалдым. Жанымда тұрғанағам сол кезде менің спортқа енді қызығып жүргенімді білетін. «Аздап дайындалсаң мұндай іс сенің де қолыңнан келеді» деп жігерлендіріп қойды. Расымен  не бәрі 5 айдың ішінде жаңағы орыс жігіт істеген әрекеттер мен қимылдарды қайталайтын болдым»,-дейді Берік Пышанов.

Берік Әбілханұлын ауылдастары  «Құрыш құлақты Берік» деп атайды екен. Азаматтың құлағын жаттықтырып, осындай күшке ие болуына әкесі себепші болыпты.

«Әкем дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін. Содан, жасымызға қарай түрлі салмақта көтеріп шынығатын кір тастарын жасап беретін. Соны көтеріп,шынығып өстік. Оны құлақпен көтеруге келсек, мен ойыма түскен істі жасап көрдім. Алдымен жеңіл самақтағы шелектерді құлағыммен көтердім. Қарасам болатын сияқты. Содан жаттығып, көтеретін затыма күн санап аздап салмақ қосып отырдым.  Міне соңы жеңіл көлікті көтеруге жеттім. Мен бұл арқылы тәрбиемдегі балаларға, нені көздесең де нақты мақсатқа талмай жаттықсаң жетуге болады дегім келеді. Соған үйреткім келеді»,-дейді ерекше өнер иесі.

Бүгінде үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған Берік Пышановтың бір баласы өзінің өнерін жалғастырып жүр. Ол де құлағымен кір тасын көтереді екен.

Шынығып, шымыр болуды көздеген азамат  қыстың көзі қырауда өзеннің мұздай суына шомылуды да әдетке айналдырыпты. Бұл азаматтың тағы бір ерекшелігі ол ешқашан ұялы телефон қолданбайды екен.

 

 

Талқылау