Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысындағы пойыз апатынан көз жұмған жеткіншек жер қойнына тапсырылды

Жамбыл облысындағы пойыз апатынан көз жұмған жеткіншек кеше жер қойнына тапсырылды. Ал жауаптылар қыршыннан қиылған баланың отбасын 2 млн теңгемен жұбатпақ. Дегенмен, апат себебі әлі анықталған жоқ. Комиссия қорытындысы алдағы он күнде жарияланады. Сондай-ақ, ақпарат құрылдарында жарияланған бірқатар болжамдар жоққа шығарыды. Екі күннен бері елді елең еткізген мәселені Үкімет басшысы да өз бақылауына алды.

Жамбыл облысындағы пойыз апатынан көз жұмған жеткіншек жер қойнына тапсырылды

Фото оқиға орнынан. Instagram/Daniyar Alimkul

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

«Астана-Алматы жолаушылар пойызының вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты жол апатынан бастағым келіп отыр. Өкінішке орай, бір бала қаза тауып, зақымданғандар да бар. Қаза болған баланың отбасына, туған-туысқандарына көңіл айтамын» – деді Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінгі Үкімет отырысы Шудағы қайғылы оқиғаны талқылаудан басталды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев апаттың тергелу барысын ерекше бақылауда ұстайтындығын ескертіп, оған жауаптылардан есеп талап етті.

«Оқиға болған учаскеде жоспарлы тексеру апат болардан 11 күн бұрын ғана жүргізілген. Ол кезде ешбір ақау шықпаған болатын. Ондағы рұқсат етілген жылдамдық сағытан 100 шақырым болса, аталған пойыз жылдамдығы сағатына 92 шақырымды құраған. Комиссияға шетелдік мамандар тартылды. Әрі жолауышылар пойызының жүк пойызымен соқтығыспағандығы дәлелденіп отыр»,- дейді тасымалдаушы компанияның басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

Алғашқы күнгі тексеріс нәтижесін республикалық көлік комитеті де растап отыр.

«Ол жерде қандай да бір габаритсіз жүк тасымалданған жоқ. Барлығы габарит шеңберінде болды. Яғни, жүк вагондарымен соқтығысу салдарынан, жүк вагондары жолдан шықты деген себеп болған емес. Оны біз бүгінгі тиісті тексерістің қорытындысы бойынша анықтадық»,- деп түсіндірді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев.

Ал салаға жауапты министр Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысына келмей қалды. Орнына – орынбасары қатысты. Роман Склярдың айтуынша, апат себебі әлі анықталған жоқ. Комиссияның қорытындысы осы айдың соңына қарай белгілі болмақ.

«Аталған пойыздағы вагондардың барлығы 2012-2014 жылдары шығарылған. Бәрі де техникалық нормаларға сәйкес келіп тұр. Тергеу барысы біздің жіті бақылауымызда. Сондықтан, бәрі де объективті түрде ашық жүргізілетін болады»,- деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Ал пойыз машинисінің ұсталғандығы жайлы ақпарат жалған! Ішкі істер министрінің айтуынша, машинистен тек жауап алынып, дереу босатылған. Оның кінәсі бар-жоғын тергеу қорытындысы көрсетеді.

«Бұл факт бойынша біз қылмыстық іс қозғадық. Оқиға орнында Астанадан жіберілген арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс бойынша, куәгерлерден жауап алып, тиісті экспертиза тағайындалып жатыр. Тергеу ішкі істер министрлігі мен Прокуратураның бақылауында. Нәтижесін сізге баяндаймыз»,- дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Ал қайтыс болған Григорий Малиневтің денесі туған жеріне жеткізіліп, кеше жер қойнына тапсырылды. Тасымалдаушы компания қыршыннан қиылған жеткіншекке 2 млн теңге материалдық көмек берген. Ал, Медициналық көмекке жүгінген 25 жолаушы жарақатына байланысты 500 мың теңгеден миллион теңгеге дейін өтемақы алмақ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау