Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында елде жоқ емхана салынатын жерден қаптаған адам сүйектері шығып жатыр

Жамбыл облысында құрылыс алаңынан қаптаған адам сүйектері шығып жатыр. Басында шашылған сүйектерден шошынған жұмысшылар, қазір бойымыз үйреніп қалды деп отыр. Бірақ жергілікті тұрғындар, қорымды қорлаған бұл әкімдіктің әрекеті деп ашулы.

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Ақжағалылар емхана салу үшін бейіт басынан жер бере салған. Жағасын ұстаған жұрт, «әруақты аяққа таптады» деп, бүгін айғайға басты.

Бұл маңда елде жоқ емхана бой көтермек. Ерекшелігі жаңа нысан ескі қорымның үстінде іргелес жатқан мына мазардың ортасында болмақ. Күні кеше техниканың күрегі тиген қабірден адам сүйегінен аяқ алып жүру мүмкін емес.

“Кеше осы жерді қазып жатқанда адамның басы, аяқтары-қолдары шығып. Бес бас шықты. Оны молаға апарып матаға орап көмді. Бас шығып жатыр. Қаншасы камазбен кетті. Білінбейді ғой ол. Ковшы деген үлкен. Адам сүйегі деген не ол?” – дейді экскаваторшы Қуандық Жолдасов.

Шашылған сүйектер ойын баласының ойыншығына айналған. Оған әу баста жерді бөліп берген билік бас қатырмаған сыңайлы. Анығы, алдап соқты дейді ауылдықтар. Болмаса бейіт басынан емхана бой көтереді деген әңгіме шыққалы бүкіл ауыл наразылық танытыпты. Сөйтіп, бас жоспарды бекіткен басқарма басшысы бастаған ақжағалылар бір ауыздан басқа жаққа ауыстыратын болып уағдаласқан. Хаттама толтырылып бекітіледі. Бірақ екі ай өткен соң қабір үстінен қайта қазық қағыпты.

“Бұл жерге медпункт соғайын деген мақсаттарын түсінбедім. Бейіттің іші, үсті бір. Екіншіден мына бейіттен 100 метр қашықтықта. Әрі ыңғайсыз. Бұрынғы қорымның белгілері мазарлары әлі тұр екен. Сол жерге қалай ойланбай салады халықпен санаспай?” – дейді Қызылшарық ауылының тұрғыны Мәдіхан Өтепбергенов.

“Сүйек шыққаннан кейін сүйектің орнына неше түрлі ауру болуы мүмкін. Ертең медпункт болғаннан кейін ол жұғуы да, таралуы да мүмкін. Сондықтан халық қорқады. Бұл жерге келмейді”, – дейді Бектөбе ауылының тұрғыны Қарасай Каримов.

Ал құрылыс жүргізіп жатқан мердігер бұған біздің қатысымыз шамалы дейді. Биліктің бекітіп берген жері осы екен. Ал ауыл ақсақалдары шашылған сүйекті теріп шаршапты. Атқамінерлер бейіт басынан емхананың қалай басталып кеткенін өздері де білмей қалыпты.

“Басында бұл жұмыс тоқтап тұрған. Тоқтағанға біз келесі жылы жалғасын таба ма деп ойлағанбыз. Кейін қайтадан жалғасын таба салды. Ойлағанған жоқпыз. Келесі жылға қалды деп ойлағанбыз”, – дейді Қаратөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Асхат Шаршаев.

Қорым үстінен жер беру шолақ ойдың жемісі деген жұрт бүгін құрылыс жұмыстарын тоқтатып тастады. Ал мердігер компанияның уайымы басқа. Кестеден кешігіп жатырмыз дейді. Ақсақалдар емхана үшін басқа жер таппай, бейітті көздегендерге өкпелі. Айта кетейік Қаратау ауылдық округі тәуелсіздік алғалы әкімі көп ауысқан ауылдардың көшбасында тұр.

Оқи отырыңыз: 

Қостанай тұрғыны қызғаныштан жезөкшені буындырып өлтірді

Астана студенттерін хостелге орналастыруы мүмкін

Ақмола облысында аялдамадан ер адамның өлі денесі табылды

 

Талқылау