Жалақысыз қалған мұнайшылар компаниядағы қытайлар санын қысқартуды талап етті
“Ақтөбемұнайгаз – СНПС” жұмысшылары компанияның әділетсіздігіне қандары қарайған. Ақтөбеліктер, фирма басшылығы оларды негізсіз демалысқа жібергенін, ал кен орындарында қытайлықтар жұмыс істеп жатқанын айтты.
Сурет vlast.kz
Бұл туралы timeskz.kz хабарлайды.
“Елімізде мыңдаған жұмысшылар ақысыз демалысқа жіберіліп, дағдарыс қысып жатса, қытай басшылығы қытайлар санын тіпті де қысқартқан жоқ”, – деп шағымданды қазақстандықтар. Ашуға булыққан мұнайшылар тіпті кәсіпорында еңбек етіп жатқан қытайлықтардың толық тізімін де түзіп алған. Онда көрші мемлекеттің 113 қызметкері жазылған.
“Қытай азаматтары компанияның басшылығында мықты орындарды иемденген. Барлық шешімді қытай жетекшілері қабылдайды. Басқарма аппаратында да солар. Шетелдік мамандар мен қазақстандық мамандардың алатын жалақысының да айырмашылығы жер мен көктей. Қытай басшылары өздерінің жұмысшыларына жақсы қаражат төлеп, дұрыс өмір сүруіне де керемет мүмкіндіктер жасап беріп отыр. Ұшып барып-келуі, тамақтану, көңіл көтеру, өмір сүруінің барлығы компания есебінен қарастырылған. Оларға қазақстандықтар секілді мерекелерде демалып, аптасына 40 сағат істесе де 3 ай еңбек режимі 1 айлық еңбек демалысымен бірге қарастырылған”, – дейді мұнайшылар.
Олар Кеңқияқ, Сарқұла, Жаңажол, Қандыағаштағы мұнайшылардың отбасы алған жалақыларымен әрең күн көріп отырғанын айтты.
“Егер отандық қызметкерлердің қатарын қысқартса, онда тепе-тең қылып қытайларды да қысқарту керек. Бір қытайлыққа сұмдық айлық төлеп Қазақстанда ұстағанша, 3-4 қазаққа жұмыс беруі керек ғой”, – дейді шағымданған мұнайшылар.