Жабылып зорлаған: Шымкентте тағы бір қыздың ары тапталды
Шымкентте тағы бір бойжеткеннің ары тапталды. 20 жастағы қала тұрғынын белгісіз біреулер жабылып зорлап, абыройын айрандай төккен. Арам ойларын іске асырған қаскөйлер әлі тәртіп сақшыларының қолына түспепті.
Бұл жайлы белгілі адвокат Айман Омарова хабарлады. Тіпті, олар жәбірленуші тарап бізді кешірмесе, біз лағнет айтамыз деп бақсы-балгерлер арқылы олардың туыстарын қорқытып-үркітіп жатқан көрінеді. Ал Абай аудандық ішкі істер басқармасы сезіктілерді іздемей отырған көрінеді. Бұған қатысты полицейлер не дейді? Күдіктілердің саны қанша? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
“Достар, қызды топ болып зорлағандар ісі бар. Зорлық жасағандар қашып жүр. Абай аудандық полицейлер оларды іздемейтін секілді. Оларды қолға түсіру оңай еді”, – дейді адвокат Айман Омарова желіде.
Бұл белгілі адвокат Айман Омарованың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы. Оның айтуынша, шымкенттік 20 жастағы бойжеткенді белгісіз біреулер жабылып, зорлап тастапты. Енді олар тәртіп сақшыларынан бойтасалап жүр екен. Алдын ала болжам бойынша, күдіктілер үш адам болған. Олар осы күні қарап жүрмей, жәбірленушінің туыстарына кәдімгідей доқ көрсетіп жүрген көрінеді.
“Осыған қарамастан олар екі жақтың келісімге келуіне мүмкіндік беріп отыр. Топтық зорлықта қандай келісімге келу болуы мүмкін? Мынадай әңгіменің шеті шықты. “Егер жәбірленуші жақ, кешірім бермесе, қарғыс айтамыз” депті”, – дейді адвокат Айман Омарова.
Заңгер сондай-ақ, бұл істе тәртіп сақшылары да немқұрайдылық танытып жүр дейді. Күдіктілердің ныспысын анықтап, оларды ертерек ұстаудың орнына, қылмыстық істі сағызша созып жатқанын айтады. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып жүрген сезіктілер амал-айласын пайдаланып жатқан көрінеді.
“Неге полиция іздеу салған жоқ, бұларға. Әлі іздеу салған жоқ. Мен сенбеймін полиция білмей олардың қайда екенін дегенге. Себебі, олардың тамыр-таныстары келіп жатыр да, біреу арқылы келіссек деген сондай әңгімелер болып жатыр. Ол дұрыс емес. Менің ойымша олар әдейі осылай жасап отыр. Әдейілеп ұстамай отыр. Мүмкін олар бір бірімен келісіп қалар ма деп. Сөйтіп, бізді басынып отырған секілді” – дейді адвокат Айман Омарова.
Дегенмен, полицейлер құр қарап отырмағандарын айтып отыр. Күдіктілердің аты жөндерін анықтап, мекен жайларын да тауыпты. Енді қолға түсірмекші екен. Басқа ақпаратты Қылмыстық- процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, көпшілікке жариялауға болмайды дейді.
“2019 жылғы 1 қаңтарда Шымкент қаласының тұрғынын зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу ісі жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, жариялануға жатпайды”.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жазбаша жауабынан.
Осы күні әділдікке жете алмай жүрген бойжеткеннің құқығын Айман Омарова қорғамақшы. Заңгер жуырда Шымкентке келіп, істі өз қолына алмақшы. Сөйтіп, кінәлілерді жазаға тартуды көздеп отыр.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.