Зейнет жасына жетсе де қызметінен кетпеген әкімдер кімдер?
Ақынның да ақыны бар, өлеңі бір бөлек, әкімнің де әкімі бар, берері бір бөлек. Пайғамбар жасына жетсе аттан түспеген ақ жағалылар бар. Әсілінде әкімнің орынтағына жабысып алмағаны анық, демек не береді олар?
Облыс басқарып отырған бірнеше қарт әкімнен бөлек парламентте де алпысты алқымдап, алды сексенге жеткендер бар. Жастарға жол ашпай ма, неғып жүр деген де сауал туындар бәлкім. Келесі материалда соған жауап іздеп көреміз, деп хабарлайд Евразия.
Балалық шақтың ыстық сәттері алпысты алқымдағанда да ұмытылмайды. Бейсен аға жыл сайын мектепке келіп, өзі отырған партаға отырып, 50 жыл бұрынғы кездерді есіне алады. Бекең деп отырғаны Бердібек. Бүгінде Ақтөбе облысын басқарып отырған кәдімгі Бердібек Сапарбаев. Сыныптасының айтуынша ол өте алғыр, зерек болған. Озаттығы сонша, тіпті кей кезде мұғалімдердің алдын орап кететін дейді.
«Кейбір мұғалім болды бізде жаңадан бітіріп келген химиядан. Сол апай сабақ беріп жатыр, бір уақытта қолын көтеріп, апай ондай емес, апай мынандай деп өзі шығып дәлелдеп беріп, ана кісі жыламсырап қалды» – дейді Бердібек Сапарбаевтың сыныптасы Бейсенбек Құрманбеков.
Бүгінгі Бердібек Мәшбекұлының сол кездегі класстастары мектепке келіп, өткен сәттерді еске түсіріп, мәз майрам болысуда. Айтпақшы олар оқыған ескі ғимарат сүрілген. Десе де кейін соғылған мектеп олардың бақытты балалық шақтарынан хабар беруге жеткілікті. Бала Бердібек сол кездің өзінде елді аузына қарататын лидер болыпты. Интернатта бірге тұрған досы да былай деп еске алады.
«Интернатта бұл жатқан оқушылардың ішінен оқуға ықыласы бар, өзі ойы жақын адамдарды жинап бір бөлмеге жинап, осы ауылдағы кітапханадан кітап әкеліп, оқитын тұғын. Сонда 6-7 адам отырып тыңдаймыз. Ол өзі оқиды, 50 бетке шейін. 50 бетке дейін оқып, сосын айтады: жалғыз мен емес мына кітәпты, мына романды бәріміз оқып шыққан боламыз» – дейді зейнеткер Тілеухан Байсын.
Машбек ауылы жерлестерін мақтан тұтады. Айтуынша ұлтжанды, халықшыл басшы әлі де қызметін атқара берсе екен деп тілейді.
Бердібек Сапарбаев болса қызметін жалғастыруда. Зейнет жасына келсе де демалысқа асықпайды. Дәлірек айтсақ асықпаңыз деп сұраған. Елбасының өзі. Оның қызмет өкілі ұзартылып, әкім міндетін атқарып жатыр. Дәл осындай тағы бірнеше басшы бар. Соның бірі жуырда өкілеттік мерзімі ұзартылған Қызыоларда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев. Зейнетке жетпек бар да кетпек бар деген қағидаға келе ме деген де сұрақ туындап еді.
«Туған отаныңа еліңе қызмет ету, Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған Елбасының командасында жұмыс істеу одан артық бақыт болады ма?! Соны жаңағы Елбасы бағалап өзінің командасына тағайындап одан әрі жауапты тапсырма беріп жатырса туған еліңе қызмет етуден артық қандай бақыт» – дейді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Бұндай бақыт 68 жасқа дейін Атырау облысын басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетовтың де басына бұйырған болатын. Бүгінде парламенттен пана тапқан мемлекет қайраткері қарт та болса қарымды шенеуніктер қажет екенін айтады.
«Әкімшіліктің елбасының алған шешіміне баға беруге менің құқығым да жоқ ондай дәрежем де жоқ. Мен айтар едім Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев секілді азаматтар қазіргі күні бүкіл әкімдерге, болған әкімдерге үлгі боларлықтай қызмет жасап жатыр сондықтан ондай адамдар бізге керек, өте дұрыс шешім деп ойлаймын өз басым» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхаметов.
Қазақ қоғамында саясатқа деген көзқарас қандай? Бізде демкоратиялық институттардан көрі жеке тұлғаларға деген жұрттың ықыласы басым. Бұл бұл біраз уақыттан бері қалыптасқан пайым.
«Бұл тұлғалар еліміздің мемлекеттілігіне сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамуына өте үлкен үлесін қосты. Ол кісілерді көбінесе министр, әкім немесе басқа бір лауазымды тұлға емес, керісінше қазақ халқымен бітісіп кеткен сол биліктегі қазақ халқының мұң-мүддесін жоқтап жүрген азаматтар ретінде біледі.
Былайша айтқанда саясаттағы қазақы реңк. Әйтпесе премьер-министрді Бәке деп кім айта алады?» – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
«Бәке, қараңызшы. ТЖ департаментінің бірде бір құралдары жоқ» – дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
14 облыс және Астана мен Алматыны қосқанда 16 әкім бар. Соның төртеуі пайғамбар жасынан асты. Бердібек Сапарбаев, Амандық Батталов, Даниал Ахметовтің қатарына енді Қырымбек Көшербаев қосылды. Жасамыс әкімдерді заманауи тілге салсақ Зейнеткерлер клубы деп айдарлауға болар еді, бірақ олар демалуға әзір асықпайды.
«Мемлекеттік қызметкер жан-жақты болу керек. Соның ішінде, дипломатиялық қасиеттер, қазақтың салт-дәстүрін білуі, адамдармен әңгімелесуі, коммуникациялық қасиеттер осының барлығы сол адамның болмысын қалыптастырады. Осындай кешенді болмыстың адамдарын, әрине, оның күш-жігерін, бойындағы барлық қасиеттерін алып қалу- ол бүгінгі күндегі азаматтардың және келесі буын азаматтарының міндеті» – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
«Облыс әкімдерінің жүгі өте ауыр, өте қиын жүк. Сондықтан да облыс әкімдері негізінен тәжірбиелі азаматтар болған дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы біз енді екіге бөлеміз ғой, әкімшілік және саяси қызметкерлер деп. Саяси қызметкерлердің бойында көбінесе саясаткерлік қабілет болуы керек» – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Қоғам өкілдері не дейді? Олардың бұл мәселеге қатысты өз тұжырымы бар. Зейнеткерлік жасқа жеткен адам өзі таңдау жасау керек дейді.
«Мүмкіншілігі жетпей жатса кез келген мемлекет қызметіндегі адамдар осы қызметке мен сай емеспін, мүмкіншілігім жетпейді деп айтуына болады. Ал белгілі бір жаспен шектеп, кейін зейнеткерлікке шығарып тастау, тек қана әкімдер емес, барлық жерде де қажеті жоқ. Себебі, тамаша доктор, ғалымдардың жұмыссыз қалғанын көріп отырмын» – дейді саясаттанушы Дос Көшім.
«Кейбір қызметкерлермен бір жылға мысалы шартты ұзартуға жағдайлар бар. Олар кәсіби жағынан жоғары білікті азаматтар. Олардың бәрін зейнет жасына келді деп лақтырып тастаған да дұрыс болмайды» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұсырман Кәрібай.
Парламент ше? Заң шығарушы билікте де жасамыстар жеткілікті. Мәселен Мәжілісмендердің 40 пайызға жуығы зейнет жасына жеткендер. Керек десеңіз қарт коммунист Владислав Косарев 80 ге келді. Өзін елбасының сенімді серіктерінің бірі санайтын Қуаныш Сұлтанов Жоғарғы кеңесті қоса алсақ 30 жылдан аса депутат болып отыр. Соған қарағанда жұмысы тым тығыз сияқты.
Қуаныш Сұлтанов: «мен жол-жөнекей пікір айтпаймын»
Көз көргендерді айтып жатырмыз. Десе де саясаттағы қазақы қисынға келетін жас буын өкілдері де жоқ емес. Бауыржан Байбек пен Батыс Қазақстанның тізгінін ұстап отырған Алтай Көлгінов осыған дәлел.
«Табиғаттың түлеуі сияқты мына өмірдің өз заңдылықтары бар. Ол ұрпақтар ауысып отырады. Енді бүгінгі таңда сол аға буын өкілдерімен бірге мынау технократтар ақырындап жақындап келе жатыр. Облыстық деңгейде, қалалық деңгейде, мынау министрліктерде 70-ші жылдары одан кейінгі жылдардың өкілдері келіп жатыр. Бұл да бүгінгі таңда бір қажетті, сонымен бірге табиғи құбылыс» – дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров.
Технократтар. Олар кімдер? Әдетте осы сөз айтылғанда батыста білім алған, заманауи, бірнеше шет тілін меңгерген, бірақ өз ана тіліне шорқақ немесе мүлде білмейтін жас шенеуніктердің тұтас буыны көз алдымызға келеді. Оларға қарап ертеңгі болашақты ойлаудың өзі қорқынышты кейде. Осы тұста қазақы рухы мықты қарт әкімдердің жасы келсе де, басы керек екенін мойындауға тура келеді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.