"Өртеніп, далаға қондық": Лұқпан Жолдасов неге ұшаққа отырудан қорқатынын айтты
Лұқпан Жолдасов неге әуе жолын қолданудан қорқатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ел аузында" бағдарламасына сілтеме жасап.
Әуе көлігімен жүремін деп жүрегі шайлығып қалған Лұқпан Жолдасов оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Өнер иесі бір емес, екі мәрте әуе жолы апатына ұшырап, жаны аман қалған екен. Өлімнен періштем қақты дейді ол. Содан бері ұшаққа отырмай жүрген өнер жұлдызы амал жоқтан әуе көлігін қолдануға мәжбүр болғанын айтады.
"Ұшаққа екі-үш жылдай отырмай жүрдім. Екі рет апатқа ұшырадық. Бір рет ұшақ өртенді, екінші ретінде далаға қондық. Құдайға шүкір, АН-24 деген самолетпен далада қондық. Ал, біреуінде өртендік. ТУ-54 болған ол кезде. Содан кейін ғой отырмай жүргенім. Амал жоқ, қайтадан қарын ашты, жұмыс жасау керек. Қайтадан ұшуға тура келді. Кішкене үйреніп кеттім", - дейді Лұқпан Жолдасов.
Тіпті көліктен қорқып қалғанын да жасырмады өнер иесі. Қазіргі таңда темір тұлпарды тізгіндемейтін ол себебін түсіндіріп берді.
"Негізі өзім көлікпен жүргенді жақсы көремін. Астанаға көшкелі көлігімді сатып жібердім. Қазір көлігім жоқ. Жаңа қалада бәрін жаңадан бастағанды жөн көрдім", - дейді өнер иесі.